Есірткі әзірлегендер енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есірткі әзірлегендер енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін

11.12.2023

Енді ірі көлемде есірткі әзірлегендер өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты.

Жыл басынан бері 75 жасырын зертхана жойылды. Министр есірткі тарататын жастарға жазаны жеңілдетуді сұрады. Егер қылмыс бірінші рет жасалып, кінәлі адам, тергеу органдарымен белсенді жұмыс істесе, онда оларды жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады. Биыл кәмелетке толмаған 6 бала сотталып, тағы 26 жасөспірім заң алдында жауапқа тартылған. Жалпы 10 айда есірткі қылмысымен 3 мыңнан астам адам сотталды. Олардың 11-і құқық қорғау қызметкері.

Ержан Сәденов ҚР ішкі істер министрі:

Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар «есірткіні өткізу мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені және қайта өңдегені үшін жауапкершілікке тартылады, санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру дәрежеленетін болады.

Синтетикалық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшелері құрылады

Қазір интернетте есірткі саудасы көбейген. Бір ғана «телеграммның» өзінен 1300 онлайн дүкен анықталып, жабылды. Соңғы 5 жылда «синтетикалық есірткіні» тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін өскен. Ішкі істер министрі осы синтетикалық есірткі бизнесіне қарсы бөлімшелер құрылады, - деді. Сонымен қатар, арнайы штабқа IT-мамандар жұмысқа алынады. Қазір осы бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін кешенді жоспар түзілді.


Хабарламаларға жазылу