Еуропада боран соғып, Азия мен Африкада жаңбыр құйды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада боран соғып, Азия мен Африкада жаңбыр құйды

05.12.2023

Жер көлемі Үндістаннан сәл ғана кіші аймақтың астанасы Якутск әлемдегі ең суық қалалардың қатарында бұрыннан бар. Бүгін де сол санатта. Мұнда ауаның температурасы 58 градусқа дейін төмендеп отыр. Ал Саханың Оймякон деген ауылында желімен бірге алғанда 68 градус үскірік аяз.

Данил Калинкин, турист:

Мен ризамын. Мен осы суықты көру үшін Якутскке келдім. Дайындалдық әрине. Астраханьдағы киіммен жүрсем үсіп кетер едім. Үйден шыққанда телефонымның қуаты 90 пайыз еді. 15-20 минуттан ол өшіп қалды.

Ал Еуропа елдерінде боран соқты. Соның салдарынан Германияның бір бөлігінде көлік қатынасы қиындап отыр. Елдің оңтүстігінде пойыздар кешігіп, тіпті олардың кейбірі сапарларын доғарған. Ал Үлкен Мюнхен аймағында талай ұшақ аспанға көтерілмесе, Баварияда қар көшкініне байланысты рождестволық базарлар жабылып, футбол матчы өтпей қалды.

Англияның солтүстігінде бораннан кейін шамамен 200-дей автомашина қар құрсауында қалса, Шотландияның шығысында көктайғақ басталып, ондаған мектеп жабылды.

Анна Спенсер, жергілікті тұрғын:

Біз бүгін жұмыста болуымыз керек еді. Бара алмадық. Кейбіреулер діттеген жеріне жету үшін бес сағат бойы жүрген. Басымызды қауіпке тіккенше, жолға шықпауды жөн көрдік.

Еуропадан Африкаға ойыссақ, Танзанияның солтүстігінде төпелеп жауған жаңбырдан су тасып, 63 адам қаза тапты. Сонымен қатар, жауын басталғалы Кения, Сомали, Эфиопия сияқты Шығыс Африка елдерінде алапат тасқындардан жүздеген мың адам үйлерін тастап кеткен. Ал Үндістанның оңтүстігінде халық етігімен емес, белуардан, кейбір аудандарда тіпті йығымен су кешіп жүр. Жауындатып жеткен «Мичаунг» циклонынан кейін Андхра-Прадеш, Тамил-Наду штаттарында су көтеріліп, 9 адам қаза тауып, 8 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.


Хабарламаларға жазылу