Хостелдерге талап күшейтілгенімен қатар, студентердің де жағдайына аса мән беріледі. Мәселен, қазір Алматыдағы жоғары оқу орындарында 199 мың студент білім алады. Оның 60 мыңы жатақханада тұруға өтініш берген. Соның 33 мың 500-і ғана жатақханаға орналасыпты. 10 мыңы қонақ үйлер мен хостелдерді паналайды. Мегаполистегі университеттер 23 хостелмен келісімшартқа отырған. Онда 3 мыңнан астам студент тұрады.
Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
Ресми мәліметтерге сенсек, Алматыда 200-ге жуық хостел тіркелген. Шаһардағы университеттер оның 23-мен меморандумға отырған. Тек соларда ғана студенттердің қауіпсіздігі қадағаланады. Бұл жерде бір нәрсені түсініп алған жөн, жоғары оқу орындары студенттерге хостелде тұруға кеңес ғана бере алады, мәжбүрлей алмайды. Таңдау студенттердің өзінде. Сондықтан неге студенттер жуырда апат болған хостелде тұруға мәжбүр болды деген сұраққа жауап беру қиын. Университеттер жалдайтын хостел мен өрт болған хостелді жалдау ақысын салыстырсақ айырмашылық жоқ.
Жуырда жатақхана мәселесі шешіледі
Алматы әкімі орынбасарының сөзінше, жыл сайын Алматыға ағылатын студент саны артып келеді. Жылда 32-35 мың студентке орын жетпей қалады. Сондықтан, жыл біткенше 3 959 орынға шақталған 15 жатақхананың құырылысын аяқтау жоспарланып отыр.