БАӘ компаниялары Қазақстанда жел электр станцияларын салады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БАӘ компаниялары Қазақстанда жел электр станцияларын салады

03.12.2023

Қазақстан Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылады. Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтіп жатқан Дүниежүзілік климат саммитіне қатысып, осындай жоспарымызды жариялады.

Ал сол халықаралық іс-шараның аясында Президенттің экологиялық мәселелер бойынша көмекшісі Зүлфия Сүлейменова АҚШ президентінің Климат жөніндегі арнаулы өкілі Джон Керримен кездесіп, метан шығарындыларын азайту жөніндегі шараларды жеделдету туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Оған сюжетте кеңірек тоқталамыз.

Дубайдағы Климат конференциясына оралсақ. Бұл Саммит ауқымдылығымен тарихқа енетін сияқты. Ашылу рәсімінің өзіне 140 елдің көшбасшысы келген. Іс-шара аяқталғанша тағы 20 шақты мемлекеттің басшысы келіп-кетпек.

Ал жалпы тіркелген делегаттардың саны 70 мыңға жуықтайды. Әйтсе де биылғы Саммитке алдыңғы екеуінен қалыс қалмаған АҚШ президенті Джо Байден қатысқан жоқ. Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей басшысы Владимир Путин де бұл конференцияға келуді жоспарламағанына да мән бергім келеді.

Негізі, адамзат тарихтағы ең ыстық жылды бастан өткеріп жатқан кезде саясаткерлер мен мамандар талқыға салатын мәселе көп. Дубайдағы Саммитте 2015 жылы бекітілген Париж келісімінің аралық қорытындысын шығару көзделген. Сосын тараптар климат өзгеруінен зардап шеккен әлжуаз елдерге төленетін өтемақы мәселесі бойынша бір байламға келуге тиіс. Көмір, мұнай мен газ секілді жер астынан қазып алынатын отын түрлерінің келешегі де талқылануы керек. Тараптар қандай мәмілеге келгені 12 желтоқсаннан кейін, яғни ресми коммюникенің мәтіні жарияланғанда белгілі болады.

Әзірге Климаттың өзгеруі жөніндегі осы конференцияның тарихында сәтті аяқталғаны біреу ғана. 2015 жылы Франция астанасында өткен Саммитте әлем елдері Париж келісіміне қол қойған еді. Онда тараптар жаһандық жылыну деңгейін осы ғасырда 2 градусқа да жеткізбеуге уағдаласқан болатын.

Бірақ бұл мақсатты орындау күннен-күнге қиындап барады...Биылғы Саммиттің күн тәртібі, қарама-қайшылықтары мен Қазақстан президенті көтерген мәселелер Данияр Қайыртайдың материалында.

Данияр Қайыртай, тілші:

БҰҰ Климаттық саммиті 1995 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Көбінесе мемлекеттер басшылары бастап келетін делегацияларды жыл сайын әлемнің әр түрлі қаласы қабылдайды. Биылғы 28-ші саммит Дубайда өтіп жатыр. Климат конференциясын мұнай тасымалы бойынша ТОР алтылыққа кіретін елде өткізуге тараптар 2 жыл бұрын келіскен еді. Мұндай саммит бұған дейін екі рет ОПЕК-ке мүше елдерде өткен. Сондықтан ол кезде ешкім қарсылық таныта қоймады.

Дау осы жылдың басында конференцияның президенті ретінде Абу-Даби ұлттық мұнай компаниясының төрағасы Сұлтан Ахмед әл-Жәбер тағайындалғанда басталды. АҚШ пен Еуропа депутаттары БҰҰ-ға хат жазып, әл-Жәберді климат конференциясынан аластатуды талап етті. Себебі бұл шешімде мүдделер қақтығысы бар деді олар. Әйтсе де бұл талапқа көне қалған ешкім жоқ.

Сонымен, екіұшты 28-ші климат конференциясы немесе COP28 осы аптада салтанатты түрде ашылды. Оған 140 елдің көшбасшысы келді. Оның ішінде Қазақстан президенті де бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Араб Әмірліктерінің Президенті мен БҰҰ Бас хатшысы қарсы алды.

Ашылу рәсімінде елдің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Ұлыбритания патшасы ІІІ Чарльз және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Саммит алаңының иесі Alterra атты жаңа қор құрылатынын мәлімдеді.

Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ президенті:

Жаһандық климат мәселелерін шешу үшін арнайы қор құрып, 30 млрд доллар аударатынымызды қуана жариялаймын. Ал 2030 жылға қарай осы бастама аясында 250 млрд доллар инвестиция тартуға ниеттіміз.

Бұл қор әлем елдері жаһандық жылынудан жапа шеккен дамушы мемлекеттерге өтемақы төлеуге әрең келісіп жатқан тұста әп-сәтте құрыла салғандай көрінеді. Тараптар климат өзгерісінен қорғану үшін халықаралық қор құру туралы келісімді осы жолы, әйтеуір, мақұлдады. Сарапшылар мұны тарихи шешім деп бағалады.

Себебі Батыс елдері осындай қор арқылы экономикасы төмен елдерге көмектесеміз деп 2009 жылдан бері уәде беріп келген еді.

Бірақ халықаралық қоғамдастық қор құруға тек былтыр Мысырда өткен саммитте уағдаласа алды. Идея түсінікті: бай елдер дамушы елдерге жасыл экономикаға көшу үшін қаржылай көмек көрсетеді. Бірақ қалай, қандай көлемде, қаражат кімге беріледі, қорды кім басқарады – белгісіз еді. Бұл жолы да нақты шешім бар деу қиын.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

Нақты айтылмаған қай мемлекеттер ала алады. Яғн,и бұл алдағы уақытта қосымша ережелер қабылданатын болады. Дүниежүзілік банк келесі 4 жылда осы Қордың әкімшілігін жүзеге асырады. Бірақ қазір бірқатар мемлекеттер көтеріп жатқан мәселесі – бұл ДБ болмауы керек, бұл жеке фонд болуы керек.

Араб әмірліктері мен Германия бұл Қорға 100 млн доллардан бөлетінін жариялап үлгерді. Ұлыбритания, АҚШ пен Жапония да үлес қоспақ. Еуропалық одақ та қалыс қалмайтынын жеткізді. Өзге дамыған елдер әліптің артын бағып отырғанға ұқсайды.

Бұл мәселеге жалпы отырыста сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқталды. «Халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясында «Біртұтас су» атты тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға боламыз.

Президент Орталық Азия аймағында көмірге қатысты түйткілдер барын айтты. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан Әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасын іске асыруға бейіл. Сосын Қазақстан Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылмақ. Жаһандық жылынуды бәсеңдетудің бір амалы – осы. Саммит аясында Президент көмекшісі АҚШ-тағы әріптесімен кездесіп, осы салаға қатысты бірлескен мәлімдеме жасады.

Зүлфия Сүлейменова ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

АҚШ мемлекеті Қазақстанда метанды қысқарту мүмкіндіктерін толыққанды жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады. Мәселен мұнай және газ секторында кем дегенде 1,4 млрд доллар қаражатын мобилизациялауға жұмыс істейді және басқа секторларда қосымша инвестициялық мүмкіндіктер, инвестициялар тартуға жәрдемдесетін болады.

Қазақстан электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде жаһандық деңгейде шешуші рөл атқарады. «Себебі еліміз – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет», - деді Президент. Әрі сирек кездесетін минералдарды жеткізуде де көшбасшы елге айналуға әзір екенімізді айтты. Бұл минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурс саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сонымен қатар біз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр.

Президент Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы алғашқы мемлекет екенін атап өтті. Әрі 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына жетуге арналған стратегия қабылданғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар.

Осы әлеуетімізді пайдалану үшін серіктестерден инвестиция тартылады. Президент осы сапарының өзінде араб бизнесмендерімен келіссөз жүргізіп үлгерді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қазір бұл жерде Президенттің қатысуымен 10 түрлі құжатқа қол қойылады. Оның ішінде үкіметаралық және коммерциялық құжаттар бар.

Мемлекет басшысы Әмірліктердің Инвестициялар министрімен келіссөзде Қазақстан аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі меморандум бойынша пікір алмасты.

Ал осында орналасқан халықаралық компаниялар Қазақстанда 3 жел электр станциясын салады. Бірі – Жамбыл облысында. Оның қуаты 1,5 ГВт болмақ. Жетісу облысында 1 гигаваттық тағы бір станцияның құрылысы басталады. Ал қуаты жарты ГВт болатын үшінші станция солтүстік аймақтардың бірінде салынбақ. Мәселен, осы жобалардың бірін іске асыратын ACWA Power компаниясы құрылысқа 1,8 млрд доллар инвестиция құймақ.

Тағы бір келісім Ақтау және Құрық порттарын Каспий теңізіндегі басты хабқа айналдыруды көздейді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Әмірлік компаниясы АД портс ҚТЖ және ҚМГ-мен келісімшартқа қол қойды. Сол келісімшартқа сәйкес ҚТЖ олармен ашық теңізде, ашық мұхитта біздің жүкті тасымалдайды. Ал ҚМГ-мен бірге АД портс Каспий жағалауында кемелер құрайтын зауыт ашатын болады.

Ал коммерциялық құжаттың бірі Қазақстанда орман өсіруге 10 млн доллар инвестиция тартуға арналған.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:

Біз экологиялық жобаларға баса мән беріп отырмыз. Бүгін халықаралық Сэйфис атты компания мен қазақстандық орман өсіруші компания офтейк-келісімшартқа қол қойды. Енді отандық компания орман өсірсе, көміртек бірлігі халықаралық стандарт бойынша есептеледі де шет елге сатылады.

Кейінгі жылдары саясаткерлер климат проблемасына көңіл бөлуге құлықсыз. Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен Еуропадағы энергетикалық дағдарыс күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерге айналып отыр. Әлі он күнге созылатын Дубайдағы Саммиттің өзі «жасыл» революцияны тежей түсетін сыңайлы...

Данияр Қайыртай, тілші:

Климат мәселесіне келгенде әлемде қайшы көзқарас көп. Батыс пен дамушы елдер жаһандық жылынудан зардап шеккендерге төленетін өтемақы бойынша келісе алмай келеді. Тағы да сол Батыс пен мұнай экспорттаушы елдер арасында мұнай мен газдан бас тартуға қатысты дау бар. Ал бұл Саммит келіспеушілікті үдете түскен сияқты. Себебі биылғы жиын мұнай тасымалы бойынша жетекші елдің бірінде өтіп жатыр. Әрі жалпы конференцияға жауапты адамның өзі ірі мұнай компаниясының иесі. Әлемдік ақпарат құралдары саммитті парадокс деп бағалап жатқаны сондықтан.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу