Құрылыс компаниялары баспана бағасын бекітерде қандай талаптарға сүйенеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылыс компаниялары баспана бағасын бекітерде қандай талаптарға сүйенеді?

03.12.2023

Ресми дерек бойынша Қазақстанда баспана кезегінде тұрған азаматтар саны 420 мыңға жуықтайды. Ал, мемлекет тарапынан жылына көп дегенде 9 мың азаматқа ғана пәтер беріледі. Сарапшылардың есебінше қазақстандықтардың баспана мәселесін толықтай шешу үшін 195 миллион шаршы метр үй салынуы керек екен.

Дайын баспапаны алу үшін банк жағалап ипотекаға жүгінесіз. Ал оның пайызы аз емес.

Ал сол құрылыс компаниялары баспана бағасын бекітерде қандай талаптарға сүйенеді? Үкіметтің оны бақылауына не кедергі? Құрылыс компанияларының шығынды еселеп қайтаратыны рас па? Сарапшылар не дейді? Елдос Есенбол анықтап көрді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстандағы пәтердің бір шаршы метрінің орташа құны 437 мың теңгеге бағаланыпты. Жарты жылдан соң баға 486 мың теңгеге жеткен.

Перизат Бауыржан, қаржыгер:

2023 жылы қаңтар айынан бастап баспана бізде көтеріліп жатыр. Бұл жерде ай сайын 3 пайыздан бағасы өсіп жатыр. Қазіргі уақытта қаңтар мен қазан айын салыстырғанда 17 пайызға өсіп отыр.

Расул Рысмамбетов, экономист:

Зейнетақы жинағындағы қаражатты шешуге рұқсат беру пәтер құнының шарықтауына әкелді. Дәл осы шешімде елдегі ірі құрылыс компанияларының қызығушылығы болды деп ойлаймын. Азаматтар жаппай баспана сатып ала бастады. Пәтерге мұқтаж болғандықтан емес. Адамдар теңгенің болашағына күмәнмен қарайды. Оның орнына пәтер алып, жалға беріп қойсам дұрыс дейді.

Дегенмен Фридум Финанс Глобал агенттігінің дерегінше, қазақстандықтардың жартысынан астамында ғана басыбайлы баспанасы бар. Оның ішінде жастардың үлесі 30 пайыз. Немесе 30-ға дейінгі жастардың 30 пайызында ғана тұрғын-үй бар.

Нағима Әбубәкірова, Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

Осы күндері шаршы метрі 260,270, 300 мың теңгеге дайын болып қойған үйді де алуға мүмкіндік бар. Бірақ 100 пайыз ақшамен. Ипотека емес. Ол соңғы бес жылмен есептегенде ең төмен баға болып есептелінеді.

Яғни, халық арзан үйді алғысы келсе қолма-қол ақша төлеуі керек. Ал оған шамасы жететіндер жоқтың-қасы. Ипотеканың өзі біреулерге қолжетімсіз.

Перизат Бауыржан, қаржыгер:

Мысалы, 2022 жылы 100 адам ипотекаға өтініш білдірсе соның 70-не мақұлдама берілетін. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 30-ға түсіп кетті.

Тартына жеп тұрғын үй алған күннің өзінде оның бағасы қаншалықты әділ деген сұрақ сізді мазалады ма? Яғни алпауыт құрылыс компанияларының қарапайым азаматтардан түсіретін пайдасы қанша?

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бизнес болмаса жоғары санаттағы ол бірден 1,5 есе асып, яғни екі есеге дейін барады. Ал енді комфорт санаттағы үйлерде шамамен сол 400 мың дейтін болсақ, құрылыс компаниялары шамамен 250 теңгесін шығынға кетіретін шығар. Сонда 150 мың теңгедей пайдасы қалады құрылыс компаниясында.

Яғни сіз құны 30 миллион теңге тұратын 60 шаршы метр баспана сатып алдыңыз делік. Демек әр шаршы метрі үшін 500 мың теңгеңізді қиясыз. Бірақ ол үшін кеткен шығын 250 мың теңгені құрауы мүмкін. Сонда пәтердің шынайы құны да 15 миллион теңге болады.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:

Мысалға Алматыны алайық. Онда қазір бос жер жоқ. Себебі барлығы дерлік жекеменшікте. Ал құрылыс компаниясы жер иесінен сатып алғанда 100 теңге сатып алмайды ғой. 2-2,5 миллиард теңге болуы мүмкін. Астанада 500 миллион мен 1,5 миллиард теңгенің аралығында.

Не дегенмен компанияларының ешқайсы сізге кеткен қаражатты тәптіштеп түсіндірмейді. Ашық дереккөздерден де ақпарат таппайсыз. Белгілісі шығынның жартысынан астамы құрылыс материалдарының еншісінде. 20 пайызға жуығы жұмысшылар жалақысы. «Одан соң көпқабатты үй салатын орынды әзірлеу, жобалау, әкімшілік жұмыстардың өзі кем дегенде жарты жыл уақыт алады. Ал мұның барлығы көзге көрінбейтін шығындар дейді құрылысшылар.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:

Нарықтағыдан арзанға үй сататындар кей шығындарын үнемдегендер. Немесе қаупі жоғары үйлер деп айтар едім. Мысалы, Астанадан шаршы метрі 220 мың тұратын баспана көрсеңіз алмауға кеңес берем. Өйткені сіз ақшаңыз да, үйсіз де қаласыз.

Перизат Бауыржан, қаржыгер:

Әлеуметтік желіде 350 мың деп жариялағанымен шаршы метрі. Барып қарасаңыз 3 және 4 бөлмелі пәтерлер кішкене арзандау тұрады. Соның бағасын әлеуметтік желіде көрсетеді. Ал 1 бөлме 2 бөлменің бағасы 400-430 мың теңгеден шығып жатыр.

Егер құрылыс компаниясы нарықты атын қалыптастырып үлгерген болса.

Нағима Әбубәкірова, Жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

Салыстырмалы түрде басқа компаниялармен салыстырғанда олардың орналасқан жері, класы жоғары примерно 10-20 пайыз қосылады.

Осы тұста Үкімет әлеуметтік емес тұрғын-үйлердің бағасын бақылай алмайды. Яғни шаршы метрдің құнын қалай бекітсе де компанияның өз еркі. Бұған жауапты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен де тиісті жауап ала алмадық. Экономистер Үкіметке компаниялардың ашықтық мәселесін реттеу керек дейді.

Расул Рысмамбетов, экономист:

Көп құрылысшылар салықтан қорықпайды. Олар қоғамның назарынан қорқады. Мен ірі құрылыс компанияларына ашықтық керек деп ойлаймын. Кеткен шығындарды жариялап отыру керек. Ал оны жасырса кәсіпкерлердің бір қорқынышы бар деген сөз. Мысалы құрылыс компаниялары заңсыз түрде шеттен жұмыс күшін тартады. Оларға жалақыны қолма-қол төлейді. Оны жария қылғысы келмейді дегендей.

Кей сарапшылар барлық тұрғын-үй бағасына қатысты шекті норма енгізу керек дейді. Дегенмен.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бизнес санат, болмаса комфорт санаттағы үйдің бағасына нақты сен мынадан асыра алмайсың деген оны мемлекет қоя алмайды. Өйткені ол құрылыс компаниялары не? Айналып келгенде кәсіп бизнес. Кейін олар да айтады, кәсіпті тұншықтырып жатыр, бизнеске қысым жасап жатыр дегендей.

Сонда қайтпек керек? Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмаудың амалы қайсы?

Перизат Бауыржан, қаржыгер:

Ауыл-аймақтарда екінші деңгейлік яғни компаниядан вторичный рынок деп айтады ғой сол жерден 10 пайызын жинап қалғанын 2-5 пайызбен ипотека беретін болсақ ауылдағы, аймақтағы жан-жақтағы жастар қалаға келмейтін еді. Сол жерде тұрақталып пәтерлерінде тұра беретін еді.

Соңғы 12 жылда ауылдан қалаға көшкендер саны 3 миллионға жуықтайды екен. Сонда жылына орта есеппен 250 мыңға жуық азамат ауыл-ауданды тастап кетеді. Расында, назарды өңірлерге бұрсақ, үлкен қалада жалдамалы пәтер жағалағандар саны мүмкін азайып қалар?

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу