Алматыда 3964 студент хостелдерде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 3964 студент хостелдерде тұрып жатыр

03.12.2023

Бейсенбі таңы қайғылы хабармен атты. Алматы хостеліндегі өрт 13 адамның өмірін жалмағаны жайлы естідік. Хостел дегеніміз - бір бөлмеге бірнеше адам жайғастырылатын қонақүйдің арзанырақ үлгісі. Бірақ төтенше жағдай болған Алматы хостелін олай деп атауға да ауыз бармайды.

Жертөледе орналасқан, дәлізі тар, терезелері жоқ, бір сөзбен айтқанда, адам тұрғысыз орын. Сол хостелді паналап, өрттен аман қалғандар ондағы жағдайды БАҚ өкілдеріне баяндап берді.

Бөлмелерде тоқ розеткалары болмағандықтан, дәліздегісіне жалғап, ұзартылған тоқ құрылғыларын қолданып келген. Бір розеткаға бірнешеуі жалғана берген. Дәл сол жерде матрастар үнемі үйіліп тұрған көрінеді. Өрттің себебін ресми органдар әлі жарияламаса да, бұл қауіпсіздік ережелеріне сай емес екені айтпаса да түсінікті. Осындай жағдайда тұрып жатқаны үшін әр адам айына 25 мың теңгеден төлеп келіпті. 70 адамдай тұрған. Өрт басталғанда 50-ден астамы өздері шығып үлгерген. Ал қайтыс болған 13 адамның 4-і шетелдік, 9-ы Қазақстан азаматтары болғаны анықталды.

Қазақстанда апат болған сайын қордаланып қалған проблемалар шығып жатады. Өкініштісі, солардың барлығын халық та, БАҚ-та айтып жүр. Салдары осы. Жатақхана тапшылығынан студенттер заңсыз ашылған хостелді паналауға мәжбүр.

Өрттен соң Алматы қаласының құрылысын бақылау басқармасының жетекшісі Бақытжан Наурызбеков бұл хостелде адам тұрғызуға рұқсат болмағанын, ол жерде дүкен болуы тиіс екенін мәлімдеді. Бірақ иесі кіреберіске бадырайтып тұрып Almaty Hostel деп жазып қойғанын қала құрылысын бақылау үшін жауап беретін мекеме қалай байқамаған?!

Жертөлені жалға алып, 1,5 ай бұрын заңсыз хостел ашып қойған Мұхамедьяров ұсталыпты. Қылмыстық іс те қозғалды. Әр апат сайын құрылатын үкіметаралық комиссия бұл жолы да құрылды. Сол хостелде тұрып келген 56 адам уақытша мектепке орналастырылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, үкіметке оларға қажет көмекті көрсетуге тапсырды. Ал көптің көкейінде сан сұрақ. Студенттер неге жатақханада емес, жертөледе тұруға мәжбүр?

Жалпы, халық қашан өз баспанасына қол жеткізеді? Пәтер сатып алу неліктен қиын және құны қандай шығындардан құрылады? Деген сауалдарға жауап іздеп, материал әзірледік. Біраздан соң назарларларыңызға ұсынамыз. Ал Нұрсұлтан Тілектес Алматы хостеліндегі өрттің қалай басталғанын, салдарын саралап көрді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

13 адамның мәйіті шыққан хостелдің алды бүгін тып-тыныш. Өрттен кейін айналасын түгел тазартқан. Қоршалған аумақта тек бірен-саран полицей мен зардап шеккендер жүр. Жантүршігерлік апаттан көз жұмған азаматтардың жақындары келіп марқұмдардың заттарын алып кетіп жатыр.

Оқыс жағдайдың хронологиясына тоқталсақ: өрт таңғы 5:00 шамасында жертөледегі көрпешенің тұтануынан басталған болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері осылай топшылады. Өрт сөндірушілерге қоңырау 5:33-те түскен. Ол кезде ғимарат ішіндегі 72 адам жанталасып сыртқа шығуға әрекеттеніп жатқан. Олардың 59-ы эвакуацияланды. 4 адам ауруханаға түсті. Жертөленің терезесі болмағандықтан, шығарға жол таппаған 13 адам газдан уланып, қаза тапты. Полицияның соңғы ақпары бойынша тілсіз жаудан тіл тартпай кеткендердің 9-ы қазақстандық, екеуі Өзбекстан және екеуі Ресей азаматы. Тірі қалған куәгерле жертөледегі адамдардың аман қалуы мүмкін болмады дейді.

Әрсен Асылбеков, студент:

Мүмкіндік болған жоқ, өйткені түтін, от, шығу қиын болды. Біз енді жанып бастағынның өзінде шығу қиын болды.

Фуэт Аудия, турист:

Біз қатты айғай-шудан, өрттің иісінен ояндық. Таңғы 5:00-де хостелде түк көрінбеді, қою қара түтін болды. Сондықтан бізге хостел аумағынан шығу қиынға соқты. Студенттер, сол жерде тұратын адамдар, терезені бұзып шығуға мәжбүр болды.

Хостел 3 қабатты тұрғын үйдің жертөлесі мен 1 қабатында болған. 500 шаршы метр жатақхананы қанша адамның паналап келгені белгісіз. Дәлізі де бөлемесі тар хостелде екі этажды кереуіттер қойылып, бір бөлмеде 5-6 адамнан тұрған. Әкімдік, жатақана 1 жарым айдан бері заңсыз жұмыс істеп келген, ешқандай рұқсат бермедік деп отыр.

Қызыл жалын хостелдің 30 шаршы метрін шарпыған. Қабырғалар, ішіндегі жиһаз тіпті еденге дейін түгел жанып кеткен. Куәгерлердің сөзінше, ғимарат ішінде қауіпсіздік мәселесі қарастырылмаған. Бұдан қалалық ТЖД да, ТЖМ да бейхабар болған.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Мораторийге байланысты орта және шағын бизнесті тексеруге рұқсат болмағандықтан, біз мониторинг жүргізе алмадық. Қаншама хостел бар екені туралы бізде ақпарат бар, бірақ ол ақпарат бойынша мына айтылған хостел оның ішінде болмаған.

Хостел «Халық Банктің» Halyk Group еншілес компаниясына тиесілі екен. Қаржылық ұйым өртке қатысты пікір білдірді. Үй-жай биылғы жылдың 21 қыркүйегінде жалдау шарты бойынша «ALA Hostel» серіктестігіне берілген. Оған дейін ғимаратты ешкім пайдаланбаған. Заңсыз ашылған хостелдегі өрттен құрбан болғандардың басым бөлігі жастар. Олардың дені студенттер мен жалдамалы жұмысшылар. Ғылым және Жоғары білім министрлігі аталған хостелмен арада ешқандай келісімшарт болмағынын мәлімдеді.

Студенттерді көрсетілген хостелге орналастыру жүргізілген жоқ. Біздің мәліметтеріміз бойынша, бұл хостелдің тұрғындары жеке жалдау компаниясымен ынтымақтастық арқылы өз бетінше келісім-шарттар жасасты. Бүгінгі таңда ЖОО-лар 87 нысанды (қонақүйлер мен хостелдер) жалға алды.

Өрттен көз жұмған 13 адамның жақындары, ата-аналары сол күні таңертеңнен кешке дейін мәйітхананың есігін күзетумен болды.

Бекжан Құлжанұлы, Алматы қаласының тұрғыны:

Мен осында нағашымның баласына келіп отырмын. Әлібек Бейбарыс Мұсаұлы. 2003 жылғы жас бала. Еңбек етіп, нан табуға келген еді. 20-ға келді, өмірін енді ғана бастап жатқанда өмірден ерте өтіп кетті. Бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Ауыр қанша дегенмен. Бұл кісінің әке-шешесі мүгедек. Сөйлей алмайды, құлағы естимейді. Ыммен сөйлеседі. Олардың қандай жағдайда екенін өздерің түсінесіңдер. Әжесі көзі тірі, қан қысымы көтеріліп, құлап жатыр.


Бас прокуратураның тапсырмасымен арнайы пркурорлар арендатор яғни, «ALA Hostel» серіктестігінің басшысын ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір апатқа байланысты қылмыстық кодекстің «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Осы оқиғадан соң билік хостелдерді түгендей бастады. Алматыда ресми тілкелген хостелдер саны 202. Жыл басынан заңсыз жұмыс істеп келген жетеуі анықталған екен.

Қалада тұрғын үйдің астында тұрған хостелдің бар екенін байқадық. Тілдескенімізде, бір күн түнеп шығу - 5 мың теңге, ал бір айға жалдасаңыз, 50 мың теңге деді. Жертөленің терезесі жоқ, жуынатын бөлмесі мен дәретханасы біреу.

Ақысын төлесең кім екеніңе, қайдан келгеніңе қарамайтын мұндай «жатақханаларда» студенттер де қатарлас тұрып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігің мәліметінше бүгінгі таңда Алматыда 3964 студент хостелдерде тұрып жатыр. Олардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

Хостелдерді жалға алу барысында университет пен хостел арасында келісімшарт жасалынады. Келісім шартта міндетті түрде хостелде тек студент жастардың тұруы, санитарлық нормалардың және өрт қауіпсіздігінің сақталуы, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейне камералардың болуы негізгі талап болып көрсетілген.

Бүгінде Алматыда 11640 студентке жатақханаларда орын жоқ. Соның 4 мыңға жуығы қонақүйлер мен хостелдерге орналастырылса, қалған 5 мыңнан астамы өздері баспана іздеуге мәжбүр. Ал 1250 студентті сыйғыза алатын, былтыр қолднысқа берілуі тиіс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жатақханасының қазіргі сыйқы мынау.

Оқу орнының баспасөз қыметінің хабарлауынша, университет пен инвесторлар арасындағы келісімшартта шикілік кеткен. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Сондықтан жатақхананың құрылысы басталмай жатып тоқтап қалған. Қазір унвиерситеттің 400-ден астам студенті қонақүйлер мен хостелдерді паналап отыр. Жуырдағы өрттен соң балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар, жалпы Алматы халқы хостелдерді жаппай тескеру керек деген бастама көтерді.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу