Әлеуметтік желідегі психологтар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желідегі психологтар көбейген

01.12.2023

«Отбасылық жанжалдан арылтамын». «Өміріңді өзгертемін», «табысыңды көбейтемін» Қазір әлеуметтік желіде осындай жарнамадан көз сүрінеді. Бірақ, кәсіби психологтар олардың барлығы білікті маман емес дейді.

Шымкенттік ментор Перизат Қақарбайқызының психология бағытында жоғарғы білімі жоқ. Дегенмен оның қызметіне сұраныс көп екенін жасырмайды.

Перизат Қақарбайқызы, ментор:

Бірінші бастағаныма 6 жыл болды. Өзімнің басымдағы проблемаларыммен келдім. Отбасындағы жағдай бойынша. Соның шешімін іздеп әр жерге барып, мен қазір менторлықпен айналысып жатырмын ғой. Біз прямой миға кіреміз де, табыстың көбеймеуіне не себеп екенін табамыз да, трансформация жасаймыз.

Алайда кәсіби психологтар дипломы жоқ мұндай мамандар жұмысына қарсы. Шолпан Әбілованың пікірінше, дерексіз салынған ой қауіпті.

Шолпан Әбілова, психолог:

Ментор ретінде 50 адамға онлайн сабақ беруі мүмкін, бірақ адам әртүрлі болған соң толыққанды жетпейді, жеткеннің өзінде дұрыс арнаға түспеуі мүмкін. Санаға салған ой жағынан қауіпті. Мысалы адам өзі қиналып тұрған кезде, жаны ауырып тұрған кезде нақты бір дерексіз ой салынатын болса ол қауіпті болады.

Бұл жағымсыз тенденция батыс елдерінде де белең алып барады. Мәселен, «PlusCare» виртуалды денсаулық сақтау платформасы TikTok-та жарияланған 500 бейнероликке сараптама жасап, оның 84 пайызы адамды шатастыратынын, тіпті қауіпті екенін анықтады. Қоғам белсендісі Мұрат Батай жалпы психологқа жүгінуді құп көрмейді. Оның ойынша, қазір бұл саланы тек табыс көзі үшін пайдаланатындар көп.

Мұрат Батай, қоғам белсендісі:

Кез келген адамның басына түскен қиыншылықтарды жою үшін адам бірінші өз отбасымен содан кейін жақындарымен кеңесіп барып шешу керек. Өзінің басына түскен қиыншылықты әлеуметтік желідегі псевдопсихологтардың кеңесімен емес. Бұрынғы әдісше шешкен дұрыс. Туыстан артық жақын жоқ. Ал сол психологтар сеанс өткізіп, ақшасын алғаннан кейін қатысы жоқ болады.

Аида Ахметбек, тілші:

Ресми емес дерекке сүйенсек, қазір 10 адамның 4-і тұрақты түрде психологқа жүгінеді. Тағдырымен бөліседі, кеңес сұрайды, осылайша тығырықтан шығар жол іздейді. Қыруар қаражатын да салады. Таңдау өзіңізде, алайда, маман таңдарда мұқият болғаныңыз жөн.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу