Оқушының автобустағы 20 адамды ажалдан арашалаған бұл ерлігіне барша жұрт сүйсініп жатыр. Көлік жүргізушісінің жүрек талмасы ұстап, есінен танып қалғанда 14 жастағы Ақжол Герой тежегішті басып, тоқтатып үлгерген. Жолаушылар шыңғырып, айқайлағанда оқушы батылдық танытты. Әйтпегенде автобус сол маңдағы үйге соғылар еді. Ақжол қайғылы жағдайдың алдын алды дейді куәгерлер. Батырлығы үшін Ақжол геройға мектеп ұжымы мен жергілікті әкімдік сыйлық жасады. Ал жолаушылардың өмірін сақтап қалған жеткіншек жүргізушінің денсаулығына алаңдайды.
Ақжол Герой, 8-сынып оқушысы:
Есін жоғалтып алып артқа қарай құлап, газды басып, алдыға қарай газдың құбырын сындырып жіберді. Тежегішті басып, ручникті тарттым. Автобус өшіп есіктерді аштым. Автобустың ішіндегі адамдардың барлығы сыртқа түсіп, бәрі аман-есен. Тек жүргізуші ғана есін жоғалтып алды.
Ауруханаға жеткізілген азамат қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Есін жиғанымен жағдайы ауыр, - дейді дәрігерлер. Батыр жігіт отбасында жеті баланың үлкені. Анасының айтуынша, әкесіне көмектесіп жүріп, техника тілін меңгерген.
Гүлнұр Дәулетова, Ақжолдың анасы:
Иә, әрине мақтан етеміз. Қуандық бәріміз. Үлкен кісілерді, кішкентай балапандардың өмірін сақтап қалғанына, ауырып қалған жүргізушіге барып көмектескеніне мен әрине, қатты қуандым. Қандай бір істі бастаса да соны аяғына дейін бітіріп, жауапкершілікпен қарағаны сол әкесінің үйреткен, әкесініңт берген тәрбиесі деп білемін.
Қуан Нұрақын