Баспана беру тәртібі өзгереді. Енді кезекте тұрғандарға, үй есепке тұрған күні мен табыс деңгейіне қарай беріледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Бүгін Мәжілісте «тұрғын үй саясатын реформалау» туралы заң жобасы талқыланды. Жаңа жоба аясында «Отбасы банкі» ұлттық даму институты болып қайта құрылмақ. Оған азаматтарды есепке қою мен тұрғын үй бөлу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары берілмек.
Заң жобасы Мәжілісте 2 жылдан бері талқыланып жатыр. Жұмыс тобының 20 отырысы өткен. Дегенмен даулы тұстары әлі көп. Баспана кезегіне тұру және оны жүргізу функциясы "Отбасы банкіне" беріледі. Жаңа механизмдерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған адамдардың тізімі Отбасы банкіне өзгеріссіз берілмек. Министрдің мәліметі бойынша банктің жүйесі 17 мемлекеттік базамен кіріктірілген. Яғни, тұрғындарды сенделтпей 1 терезеден қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Осыған байланысты Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. Отбасы банкіне аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл өте қауіпті шешім. Өйткені бізде 2,5 миллионнан астам отбасы банкке салымшылар бар. Өйткені олардың депозиттері кепілдендірілген фонд бар ғой, солармен міндетті түрде қорғалуы керек. Ол банк ретінде қалуы керек. Бұл әлемде солай.
Депутттардың министрмен келіспейтін тұстары бұл ғана емес. Ведомсвто басшысы кезекке жаңадан тұратындар үшін бұрынғыдай 5 емес соңғы 10 жылда баспанасы болмауы керек деген ұсыныс жасады. Мұны да депутаттар қолдамады. Тіпті баспана кезегінің өте баяу жылжып жатқанын айтты.
Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Соңғы ақпарат бойынша тізімде тұрған адам саны – 646 729 адам. Жаңа әріптесім айтып кеткендей, жылына 6 мың адамға үй берілетін болса онда ол 107 жылдан кейін алады. Мысалы, бүгін очередьке тұрған адам 107 жыл күтуі керек.
Мәжілісмендер бұл мәселені шешу үшін жемқорлардан қайтарылған қаржыға баспана салуды ұсынды. Одан бөлек әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысына бизнес өкілдерін де тарту көзделіп отыр. Заң жобасы барлық ұсыныстарды ескере отырып, екінші оқылымға дайындалатын болды.
Оңғар Алпысбайұлы