Қызылорда облысында 18 жасар түйеші бала озат бақташы атанды
18 жасар түйеші бала - еңбек озаты. Төрт түліктің төресін баққан қызылордалық Бағдәулет Жұмабек озат бақташы атанды. Ол 100 бас аналықтан 50 төл алған. Ал бүгінде аймақтағы Ойсылқара тұқымының саны 63 мың басқа жеткен.
Бағдәулет күнделікті таңертең 100-ден аса өркешті жануарды алдына салып, далалық жерге айдап әкеледі. Маң-маң басқан түйелер жайбасар көрінгенімен өріске шыққанда ауылдан 4-5 шақырым ұзап кетеді. Жаздыгүні түйе көп жүрмейді. Бағу да қиындық туғызбайды. Ал күн суытса бір орында тұрмайды. «Буралар мінез көрсетіп, бақташының машақаты көбейеді»,- дейді ол.
Бағдәулет Жұмабек, түйеші:
Қыста болады қиындықтары. Желге қарсы жүреді ғой. Жел қай беттен ұрады сол бетке қарай. Жел қатты бола ма, одан сайын қатты жүреді.
Мектепті 9 сыныпты тәмамдап, еңбекке ерте араласқан Бағдәулет бүгінде түліктің бабын әбден меңгерген. Қатарластары әлі ойын-сауық қуып жүрсе, қаршадай жігіт шаруашылықтың түйесін бағып, отбасына қолғабыс етіп жүр. Болашақта ветеринар мамандығын оқып, өзінің жеке мал шаруашылығын қолға алғысы келеді.
Бағдәулет Жұмабек, түйеші:
Алыстан келе жатқаннан таниды. Жүгіріп келеді. Үйреніп қалған ғой маған. Өзіме ұнайды, иә. Жақсы жұмыс. Өзімнің әке-шешеме бір жағынан қол көмек болып көмектесіп отырмын.
Аққұм ауылының шаруа қожалығында бүгінде 80-ге жуық адам еңбек етеді. Шаруашылықта төрт-түліктің барлығы бар. Соның ішінде, түйе баптайтын Бағдәулет биыл 100 бас аналықтан 50 төл алып, еңбек ұжымы артқан сенімді ақтады.
Серік Шуақбаев, шаруашылық төрағасы:
Қазір бір жылдан астам уақыт болды. Жас жігіт түйені бағу, күтіп баптау, оны саудыру, оның ботасын баптау барлық тіршіліктерінің барлығын үйреніп. Қазір осы кезде әжептеуір жұмыстарға қол жеткізіп келе жатыр.
Жас бақташының еңбекке деген ынтасы еленіп, биыл аудан бойынша озат түйеші атанды.
Әділбек Серікұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
