Алматы облысында «Қарадала шайқасы» атты тарихи қойылым өтті
Қазақстандағы жер-су атаулары сан ғасырлық тарихқа куә. Өкінішке қарай, көбінің тарихы ұмытылып, ел аузынан сиреп барады. Мәселен, Алматы облысындағы кей жер-су атаулары қалмақ батырларының есімімен аталады. Осының мән-мағынасын өскелең ұрпаққа түсіндіру мақсатында өңірде театрланған қойылым өтті. Туындыны тамашалаған Қуан Нұрақын тарқатады.
Бұл 1683 жылы болған әйгілі «Қарадала шайқасы» туралы тарихи қойылым. Бір сағатқа созылған туындыда көрермен қазақ халқының тағылымды тарихымен танысып, ел мен жер үшін шайқасқан батыр бабалар ерлігіне қанықты.
Шәмек Тілеубаев, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары:
Сол шайқаста 10 мың қол бастап келген қалмақтың Шонжы деген батырын осы өңірден шыққан белгілі тұлға, батыр, кейін абыз болған Әлмерек деген басын алған деген ел арасында сақталған деректер бар.
Қазақ-жоңғар шапқыншылығы ұзаққа созылған соғыс. Сол кезеңде қазақ даласында қаза тапқан қалмақ батырларына жер атауын берген дейді тарихшылар. Мұндағы мақсат – жауға сес көрсету, өткенін ұмыттырмау.
Бақыт Беделхан, ақын:
Мына жақта Қаскелең, Нарынқол, Байынқол болсын, Кеген, Шонжы, Шамалған болсын, бәрі – қалмақтың батырлары. Ертең келген кезде ата-бабамның басы жатыр. Және ол қалай жатыр? Жоқ, басқыншы болып келіп, басы қалған, аяғын тартып жүру үшін жасалған.
Алматы облысы әкімдігінің мұрындық болуымен көрсетілген қойылым негізгі бес бөлімнен тұрды. Жоңғар шапқыншылығының кезеңдерін, шайқас барысын, сонымен қатар сол кездегі қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін көрсетті. Өткенді еске алу – өскендіктің белгісі дейді шараға жиналғандар.
Бекжан Тұрыс, театр және кино актёрі:
Мынау енді нағыз керекті шара. Қазаққа қажет. Өйткені, елдің іргесінің бүтіндігі, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы. Сондықтан тәуменді күнге салауат, Тәуелсіздігіміз ата-бабамыздан көрген бізге аманат қой.
Асылы Осман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Өткенді ұмытпаған өскендіктің белгісі. Міне, сол өскеніміздің белгісі болып, ғажап дүние болды. Егер осыны ұғатын, түсінетін жан болса, көріністердің өзі керемет дүние. Құдайға шүкір, осының бәрі де сол Тәуелсіздіктің арқасында.
Бұл «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары» жобасының үшінші кезеңі. Бірінші кезеңде ұлы даланың мәдени – тарихи құндылықтарын, ежелгі дәуірдегі археологиялық ескерткіштерді зерделеу мақсатында арнайы тарихи экспедиция аяқталды. Екінші кезеңде халықаралық ғылыми конференциясы өтті.
Шара «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретті кезеңінің 300 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қуан Нұрақын
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
