Мерекелік шара алдымен Рәміздер аллеясында мемлекеттік нышандарды дәріптеуден басталды. Жиналған жұрт патриоттық әндерден рух алып, көк ту ең биік нүктеге көтерілді.
Мұнан соң театрда өткен жиында аймақ басшысы өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жалпы облыс бюджеті 57 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ, тартылған инвестиция көлемі еселеп артып, бүгінде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Туған жерді бірге түлетейік бастамасы аясында демеушілер есебінен өңірімізді дамытуға 37 миллиард теңгеден астам қаржы тартылуда. Күні кеше Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы құрылысының іргетасы қаланды. Ең ауқымды теңдесіз жоба тұңғыш жылу электр станциясының құрылысы біздің аймақта бастау алды.
Шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына айрықша үлес қосып жүрген жандар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Алтынай Молжанова, «Құрмет» орденінің иегері:
Бүгін еңбегім еленіп мемлекет басшысының құрметіне ие болып жатырмын. Мына марапат бұл тек мақтаныш қана емес, бұл алдағы жұмыстарымызға, тың бастамаларымызға, жаңа жобаларымызға үлкен мотивация болады деп ойлаймын.
Ұлттық мерекедегі тағы бір ақжолтай жаңалық. Байқоңыр қаласындағы бірнеше көшеге қазақша атау берілді. Ғарышкерлер шаһарындағы басты даңғылдар енді Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдерімен аталады.
Әділбек Серікұлы