Басты Жаңалықтар Халық несие қамытын киіп отыр - Ерлан Қошанов

Халық несие қамытын киіп отыр - Ерлан Қошанов

Халқымыздың 84 пайызының несиесі бар. Яғни, 8,5 млнға жуық адам банк алдында қарыз. Соңғы 1,5 жылдың ішінде қарыз алушылардың саны 27 пайызға өскен. л олардың ішінде 1 млн 700 мыңнан аса адам несиесін уақытында төлей алмай жатыр. Қарыздарының өтелмегеніне 90 күннен асып кеткен. Қазір кредит әр отбасыға тікелей қатысты басты проблемаға айналуда. 

Бүгін осы халықты алаңдатқан несие мәселесі Парламентте көтерілді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Халық несие қамытын киіп отыр» деді.

Ал екінші деңгейлі банктер несиені 56 пайызбен де беруде. Қашанға дейін халық банкті байытумен өмір сүреді? Самал Қабышеваның бейнематериалы.

Расымен, коллекторлар қарызды қайтару үшін туған туыстан бастап, жұмыс орнын, бір сөзбен айтқанда қарыз алушының жеті атасын түгендеп шығады. Салдарынан отбасылар ажырасып, берекесі қашып жатқандары қаншама. Енді проблемалы кредитті коллекторлық ұйымдарға сатуға тыйым салынады.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы:

Коллекторлар проблемалық кредиттерді айтарлықтай дисконтпен сатып алады да, берешекті қайта құрылымдамай, борыш соммасын өндіріп алады. Осыған байланысты, құрметті Ерлан Жақанұлы, агенттік коллекторларға тұтынушылық банктік несиелер мен азаматтардың микрокредиттерін сатуға тыйым салу туралы ұсынысыңызды қолдайды. Бұл шектеулерді енгізу, коллекторлық нарықтың толық тоқтауын білдірмейді. Коллекторлар проблемалық кредиттерді сатып алмай-ақ, оларды өндіріп ала береді. Алайда бұл кредиттер қаржы ұйымдарында қалады.

Сондай-ақ, банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беру шектеледі. Яғни, халық бүгінгідей қымбат ұялы телефондарды, қажеті шамалы заттарды оңды-солды несиеге рәсімдей алмайтын болады. Сондай-ақ, қарыз алушылардың кредит қабілеттілігін тиісінше бағалау қамтамасыз етіледі. Яғни, табыстың тек 50 пайызы ғана несиеге бағытталуы тиіс. Ал 21 жасқа толмағандардың табысы жоқ болса, оларға несие берілмейді. Сондай-ақ, бұған дейін екінші деңгейлі банктердегі несиенінің үстемақысы 56 пайызға дейін көтерілетін. Енді осы пайыздық үстемақы да төмендетілді.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы:

Банктер беретін кредиттердің шекті мөлшері нарықтық фактілерге байланысты болуы керек. Біздің бағалауымыз бойынша, қазіргі уақытта мөлшер 44 пайызды құрайды. Осыны ұсынып отырмыз.

Кредитке белшеден бату қаржылық сауатсыздықтан болып жатыр. Аманат партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын әзірлеген болатын. Игілігін көрген көпбалалы ана Парламентке келіп, пайдасы жайлы айтты.

Мөлдір Тұрысбекова, Түркістан облысының тұрғыны:

Түркістан облысы Түлкібас ауылынан келіп отырмын. 4 баланың анасымын. Мойнымда 4 кредитім бар. Қазіргі таңда «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушысы болдым.Бұл бағдарламаға сенімсіздікпен келгенмін. Қаржылық сауаттылығымды арттыру мақсатында көптеген мәліметтерді алдым. Яғни, кредит алған кезде мүлдем пайыздарына қарамай алған екенмін.

Қаржы министрінің сөзінше, мемлекетте биыл 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Олардың қарызы 8 млрд теңгеден асқан.

Самал Қабышева

Бөлісу