«Отандастар форумы». Әр жерде жүрген қазақ баласының басын қосқан ауқымды шара. Осымен елімізде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алыстан аттерлетіп келгендердің бірі - Садия Сүрер. Германиядағы қазақ қызы. Түркияда кіндік қаны тамған. 20 жасында Германияға қоныс аударып, 40 жылдан бері сол елде тұрып жатыр.
Садия Сүрер, Германияның кельн қаласындағы қазақ қауымдастығының төрайымы:
Жасым 63-те. 64-ке келемін. Бұйыртса келіп, қалған өмірімде құдай өмір берсе, осы жақта өмір сүргім келеді. Германияда қолдан келгенше қазақтың өнерін, қазақ болғанымды ұмыттырмай, сол қоғаммен істеп жатырмыз. Тілімізді сақтауға, дәстүрімізді сақтауға тырысып жатырымыз.
Ал Ертолқын Ғайретуллах Түркияда «Қазақ елі» журналын шығарып, басылымды түрік және қазақ тілінде ұсынып жүр. Өзі логистика саласының маманы. Ал әкесі - жазушы, журналист Қызырбек Ғайретуллах. Сондықтан әке аманатын жалғастырып жатқанын айтады. Түркияда шығатын дәл осы «Қазақ елі» журналы биыл «Үркер» байқауының жеңімпазы атанған еді.
Ертолқын Ғайретуллах, «Қазақ елі» журналының шығарушысы және бас редакторы (Түркия):
Жеті атамызды да білеміз, құдайға шүкір. Сол үшін осы журналды шығарып жатқан қарапайым қазақ баласымын.
Бұл - Франицядағы қазақ қызы. Ешим Саваш. Қазақ еліне алғаш рет келді. Ол «Отандастар форумына» шақырту алғанда қатты қобалжығанын айтады. Ешим Крей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарады. Қазір Францияның сенатына үміткер ретінде сайлауға түсіп жатыр.
Ешим Саваш, Францияның Крей қаласы мэрінің Мәдениет мәселелері бойынша орынбасары:
Франция қазақтарынан өздеріңізге дұғай дұғай сәлем. Атамекен Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын.
«Отандастар» форумы құрақ көрпе форматында өтті. Мұнда терең мән жатыр. Себебі қазақта құрақтың мағынасы адамның басы құралсын деген ырымды білдіреді.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕ АҚ президенті:
Шет елдегі қандастарымыз арасында байланыс-ынтымақтастық орнатамыз деген мақсатты ұстап отырмыз.
Отандастар форумына қатысушылар өздерін мазалаған мәселелерді ғана көтеріп қойған жоқ. Салт-дәстүрімізден рухани қуат алып, ұлттық ойындарымызды тамашалады.
Тастанбек Есентаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті:
Жан-жақтан келген қандастарымызға, біздің аспаптарды, ұлттық спорт түрлерімен таныстыру. Себебі, солар арқылы біздің ұлттық спорт түрлерімізді бүкіл әлемге таныстыру болып табылады.
Оспан Нәбиұлы, Баян-Өлке аймағы бұқаралық радио-телевидение мекемесінің басшысы:
Моңғолияның Баянөлкей аймағында тұрамыз. Баянөлкей аймағында 150 мыңдай қазақ тұрады. Қазақ орындаушылардың жақсы ән-күйлерін біздің алтын қорға алғымыз келеді радионың
Шараға қатысушыларға президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жолдады. Шетелдегі қазақтармен байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оны бірге талқылау маңызы зор деді. Бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән берілетінін жеткізді. Соның бірі сырттағы қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Бейресми мәлімет бойынша, әлемде 10 млнға жуық қазақ бар. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірін мекен еткен қаракөздердің бірлігін сақтаудың алмағайып уақытта маңызы артқандай. Отандастар форумының басты мақсаты да сол...
Самал Қабышева