Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16 пайызға дейін төмендетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16 пайызға дейін төмендетті

06.10.2023

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16 пайызға дейін төмендетті. Мұндай шешімге келуге бірнеше фактор түрткі болған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – инфляцияның бәсеңдеуі. Ұлттық банк басшысының айтуынша, Қазақстанда базалық инфляция тұрақталып келеді.

Инфляцияның төмендеп келе жатқанын ресми деректерден де көре аламыз. Тамызда 13,1% болған жылдық инфляцияның көрсеткіші қыркүйекте 11,8%-ға дейін түсті. Дегенмен, проинфляциялық тәуекелдер бар дейді Ұлттық банк төрағасы. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасы әлі өз құнын ұстап тұр. Бұл – бір. Екіншіден, халықтың инфляциялық күтулері де тым құбылмалы. Яғни, жұрт әлі де болса қымбатшылықты күтеді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Инфляциялық күтулер құбылмалылығын сақтап, жоғары деңгейде қалыптасуда. Сыртқы инфляция баяулап, оң қалыптасты. Осыған азық-түлік нарығындағы әлемдік бағалардың төмендеуі мен орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты ықпал етіп отыр.

Ұлттық банктің позициясы бойынша, елдегі бағаларға әсер ететін ішкі-сыртқы факторлар базалық ставканы одан әрі төмендету мүмкіндігін шектей алады. Яғни, ендігі жерде жылдық инфляцияның көрсеткіші бір таңбалы санға түскенде ғана орталық банк ақша-кредит саясатын жұмсарта бермек.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Ұлттық Банктің басты міндеті – бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз ортамерзімді келешекте инфляцияны 5%-тік белгіленген мақсатқа жеткізуге барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Бүгінгі брифингте Тимур Сүлейменов Қазақстанға сырттан келетін инфляцияның бәсеңдеу үрдісі жалғасып келеді деп атап өтті. Бұның бәрі Ұлттық банктің болжамына толық сәйкес келеді дейді реттеуші органның басшысы. Яғни, Ұлттық банкпен осы кезге дейін қабылданып келген шаралар қазір өз жемісін бере бастады деген сөз. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім қараша айының соңында қабылданады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу