Бокс федерациясы төрешілер шешіміне наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокс федерациясы төрешілер шешіміне наразылық білдірді

03.10.2023

Бүгін Азия ойындарының алаңына қос бірдей боксшымыз Асланбек пен Қамшыбек шықты. Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов жартылай финалда төрешілер шешімімен қарсыласына жол беріп, қола жүлдегер атанды. Алайда бұл шешім көпшіліктің қарсылығын тудырып отыр. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

«Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі». Жекпе-жектен кейін Қазақстанның бокс федерациясы осылай пікір білдірді. Расында, Асланбек Шымбергенов жапон боксшысы Севон Оказаваны үш раунд бойы төпелеп соққы астына алды. Дегенмен, төрешілер жеңісті жапон спортшысына беріп жіберді. Федерация президенті Кеңес Рақышев бұл жағдайға байланысты былай деп жазды. «Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша Халықаралық Олимпиада комитеті төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді»- деді. Жекпе-жектен кейін залдағы көрермен де уілдеп, қарсылығын білдірді. Ал бас бапкер Мырзағали Айтжанов жеңіліспен келіспейтінін айтты. 

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

Асланбек жақсы бокстасты, бірақ жеңісті бермеді. Азия ойындарында протест бере алмаймыз, оған рұқсат жоқ.

Ал жаңа ғана аса ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевтың жекпе-жегі аяқталды. Ол үндістан спортшысымен жұдырықтасты.

Хабарламаларға жазылу