Азиада чемпионы Әсем Орынбайдың анасы Ұлттық арнаға сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиада чемпионы Әсем Орынбайдың анасы Ұлттық арнаға сұхбат берді

27.09.2023

«Қызым көлік болмаса 10-15 шақырым жердегі жаттығуға жаяу кетіп қалатын». Осылай деген Әсем Орынбайдың анасы қуанышымен бөлісті. Айтуынша, Азия чемпионы мылтық атуды сегізінші сыныпта оқып жүргенде бастаған. Спортшының барлық жетістігі төккен тер мен тынымсыз еңбегінің арқасы дейді.

Әсем Орынбайды алғаш рет кәсіби оқ ату орталығына мектептің әскери дайындық пәнінің мұғалімі ертіп барған. Содан бері спорт десе ішкен асын жерге қойды, дейді анасы. Тіпті осы Азия ойындарында тісі ауырып жүрсе де, сыр білдірмепті.

Әлия Айдарқызы, Әсем Орынбайдың анасы:

Дәрігеріне хабарласып еді. «Әсем, болмайды. Ертең анализіңнен шығып қалады» деді. Бірақ «Әсем, ойлама, ауырмайды. Өзіңді солай бейімде» деп мотивация берді. Содан ұшып кетті. 

Әсемнің үйінде өзінен үлкен ағасы мен сыңары бар. Отбасында жалғыз қыз. Соған қарамастан көлік болмай қалса, жаттығуға тіпті жаяу барып қайтады екен.

Әсет Орынбай, Әсем Орынбайдың сыңары:

Бізде мына жаққа стендке бару қиындау болды. Ол кезде машинада болмады. 10 жыл бұрын. Машина жоқта велосипедті алып, осы алқаппен стэндке баратын. 

Дәл осы оқу орталығында Әсем Орынбай былтырға дейін дайындалған. 15 жылға жуық тынымсыз жаттығу нәтижесін берді дейді жаттықтырушылар.

Ерасыл Қалижан, облыстық Спортты дамыту дирекциясының жаттықтырушысы:

Еңбекқорлығының арқасында. Жауапкершілікпен келіп әрбір жаттығуларға, қашанда осы спортқа белсенді қатысты. Әсем жаттығуға келген кезде барынша беріліп дайындалады.

Орталық қызметкерлері бұл жеңіс спорттың дамуына серпін береді дейді. Қазірдің өзінде мылтық атуға деген жастардың қызығушығы артқан.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу