Қазақстанда жеке құжаттың қағаз көшірмесін жасауға тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жеке құжаттың қағаз көшірмесін жасауға тыйым салынады

27.09.2023

Қазақстанда жеке құжаттың қағаз көшірмесін жасауға тыйым салынады. Тек интернет жоқ, цифрлық нұсқасын пайдалану мүмкін емес жағдайларда ғана рұқсат етілмек. Бүгін Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік туралы заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат халықтың дербес деректерін қорғауға бағытталған. 

Тұрғындардың дербес ақпараты ашық дереккөздерде жиі жарияланып жатады. Жуырда ғана телефон нөмірін терсеңіз, толық ақпарат жариялайтын телеграм бот пайда болды. Цифрлық даму министрлігі оны бұғаттаған. Алайда ақпараттың қайдан шыққаны әлі анықталмапты. Осындай жағдай болмауы үшін азаматтардың дербес дерегін жинайтын мекемелерге ақпараттар операторы мәртебесі беріледі. Соның негізінде жауапкершілік күшейтілмек.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мемлекеттік органның барлығы, тіпті жеке компаниялар да бізден ЖСН сұратады. Бұл жеке басты куәландыру үшін қажет. Сол мәліметтер өзге жаққа шығып кетсе, мекеме заң алдында жауап беруі керек. Мұндай жауапсыздықтың жазасын күшейтіп, айыппұлын бірнеше есе өсіргелі отырмыз.
Қазір ақпаратты қорғау жүйелері жеке компаниялар үшін тым қымбат. Айыппұл арзан. Болашақта жеке мәліметтерді ұрлатып алғандар қатаң бақылауда болады. Егер ақпарат алаяқтардың қолына түссе қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылуы мүмкін. Дегенмен, бақылау мүмкін емес әр кім өз еркімен толтыратын жүйлер де бар.

Мәлік Олжабеков, ҚР Цифрлық даму, инновациялық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

Тұрғындар түрлі онлайн платформаларға, тіпті әлеуметтік желілерге өздері туралы ақпаратты енгізбес бұрын ойланулары керек. Әлеуметтік желіден жиналған ақпаратты зерттесеңіз, таң қаласыз. Өзіңіз ғана емес туған туыстарыңыз туралы мәліметтерді өңдеп шығара алады. Ал бұл алаяқтар үшін өте құнды ақпарат.
Болашақта компаниялар жаңа ақпараттық жобасын пайдалануға енгізбес бұрын, «ақ хакерлердің» көмегіне жүгінеді. Бағдарламаушылар жүйені бұзып кіріп, осал тұстарын анықтауы керек. Содан кейін ғана халықтың жеке ақпаратын жинауға рұқсат етілмек. Заң жобасы бүгін бірінші оқылымда мақұлданды.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу