Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстанның үкімет басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстанның үкімет басшыларымен кездесті

25.09.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстанның үкімет басшыларымен кездесті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің премьер-министрлері Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатқан өнеркәсіп көрмесіне келген болатын. Оларды Ақордада қабылдаған Мемлекет басшысы, көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін оларға ризашылығын білдіріп, одақ арасында алыс-берісті арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Өнеркәсіп көрмесіне келген ел көп. Бірақ, көршінің қолдауы бөлек. Президент те соны жете ескеріп, жеке қабылдады. Ресей, Беларусь және Қырғызстан Премьер-Министрлерінің келуі – сауда-экономикалық қатынастың тығыздығына тағы бір дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көрме аясында әлеуетті серіктестер мен инвесторлар елдеріміздің индустриялық секторының жетістіктерімен жақынырақ танысады, сондай-ақ өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
ЕурАзиялық одаққа мүше елдердің сыртқы саудасы биыл 13 пайызға артқан. Өзара байланыста да өріс бар. Қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешен салынады. Ал, Беларусьпен ауыл шаруашылығы техникасы және машина жасау бағытындағы тәжірибе нәтижелі. Бірлескен жобалардың жалпы құны –180 млн долларға жуықтайды. Іргедегі Ресеймен де іс ілгері.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресей компаниялары Қазақстанға тұрақты түрде инвестиция салып отырған бес негізгі елдің қатарына кіреді. Бүгінде Ресеймен бірлесіп, жалпы сомасы 16,5 миллиард доллар болатын 40 ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз.
Михаил Мишустин, Ресей Федерациясының Премьер-министрі:

Тауар айналым рекорд жаңартты. Былтыр ол 2 триллион рубль болса, биыл жарты жылдың өзінде бір жарым триллион рубльден асты. Біз барлық сала бойынша ынтымақтастықты арттыруға мүдделіміз.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақты одан әрі дамыту керек. Интеграциялық ұйымның иглігін көру үшін экономикалық әлеуетінің мүмкіндігін жіті ескерген жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бәрі осы жерде 2015 жылы қол қойылған шартты қатаң сақтап, тек экономикалық интеграция, сауда-саттықты дамыту, өзара тауар алмасу бағытында ғана елдеріміздің нарығын ашу мәселелерімен айналысуға тиіс.
Ал нарықтың дамуы тасымалға да тікелей байланысты. Сондықтан Иран, Парсы шығанағы және Үндістанға шығу жағын ширату шарт. Бұған Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізі дөп келеді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай да қыруар табысқа жол ашатын жоба. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктері зор. Қысқасы жету бағыты кеңіген сайын жеткізу жағы да жүйеленеді. Сондықтан президент бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Хабарламаларға жазылу