Жамбыл облысындағы төрт ауыл 30 жыл бойы газсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы төрт ауыл 30 жыл бойы газсыз отыр

13.09.2023

Газы жоқтың - назы көп. Биыл тағы газсыз қалған жамбылдықтар жапан түзден тезек теріп жүр. Жуалы ауданына қарасты 4 ауылдың халқы қысты көгілдір отынсыз қарсы алатындары наразы. Пеш жағудан шаршаған Қарабастау ауылдық округінде 2 мың адам тұрады. Айтуларынша, көмір бағасы қымбат болғандықтан қалтаны қағады. Соған қарамастан көмірдің кезегіне тұру үшін жанталасып жүр. Қара отын қаладан кешігіп жететіндіктен малдың кеппесін жағуға жинап қойған. 30 жыл бойы күткен газ биыл кіреді деп күткен. Алайда аймақ атқамінерлері үміт отын өшірді деп отыр.

Шәмшия Дүйсенбаева, Қарабастау ауылының тұрғыны:

Газ кіргіземіз дегенде 25-тегі келіншек едім. Сол газды күтіп-күтіп 65-ке келген кемпір болдым. Әлі жоқ.
Дәдеш Байжұманов, Қарабастау ауылының тұрғыны:

Барлық жерге газ береді, неге бізге жетпейді ол газ?! Біздің неміз бар сонда, шетте қалып кеткен соқырішек сияқтымыз. 
Көгілдір отын сұраған халықты аудан басшылығы облысқа сілтейді. Ал аймақтың энергетика басқармасы сметалық құжаттарын сараптамаға беріпті. Қазан айында жауабы шығу керек деп отыр. Соған сәйкес бюджеттік өтінім берілмек. Ал қаралатын қаржы министрлік тарапынан мақұлданса, келесі жылдың жазында көгілдір отын кіруі мүмкін.

Мәулен Қожақов, облыстық Энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

Республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенге байланысты. + Құрылыстың болжамды құны 1 млрд тг-ден астам болып тұр. Бір жылдың ішінде бөлініп, қолдау тапса, аталған жұмысты 2024-тің соңына дейін аяқтаймыз. 


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу