Астана қаласында биыл вандализмге қатысты 10 мыңнан аса іс тіркелген. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек вандализммен күресті күшейту мақсатында бейнебақылау камералар санының артатынын жеткізді. Қазірдің өзінде Астанада 26 мыңнан аса бейнебақылау камерасы бар. Соңғы 8 айдың ішінде бейнебақылау камерасына түскендер күн-түн демей дүние-мүлікті қиратуда. Тіпті, аялдаманың ішінде дәрет сындыратындар да бар.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Астанадағы қауіпсіздікті нығайту мақсатында бейнебақылау камералары көптеп орналатынын жеткізді. Қазірдің өзінде Елордада 26 мың камера болса, алдағы екі жылда тағы 10 мың камера орнатылмақ.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
Тек қана аялдамаларға, оны жөндеу жұмыстарынаа 150-200 млн теңге кетеді. Камера бойынша бұзушылықтарды дәлелдеу оңай болады, екінші жағынан профилактика ретінде оны кісілер көреді ғой, істеген ісіне кішкене басқаша қарап отырады.
Ал бұл кешегі Солтүстік Ирландиямен Қазақстанның футбол ойынан кейінгі көрініс. Халық ол жерді де осылай қоқысқа толтырып кеткен.
Қайрат Қамбаров, Астана қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы:
Апта сайын баратын іс-шараларымыз бар. Нашақорлықпен күрес жөнінде. Ол да вандализмнің бір түрі. Өйткені, нашақорлар кез-келген жерге суреттерін салып кетеді. Соны еріктілермен бірге бояп, жою жұмыстарын жүргіземіз.
Ал Астананы бүлдіріп, сындырып жүргендерге салынған айыппұл 160 млн-ға теңгеге жеткен. Яғни, дүние-мүлікті бұзғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 70 мың теңге айыппұл салынуда. Немесе 20 күнге дейін қамауға алынуда.
Самал Қабышева, тілші:
Жүрген жеріңді ластамау, сіз бен біз үшін жасалған дүние мүлікті сындырып, бүлдірмеу – әр адамның міндеті. Ал қоршаған ортаға құрметтің болуы бірінші кезекте отбасындағы тәрбиеден басталады дейді, сала мамандары. Себебі, өз отбасында тәрбие көрген адам, ешуақытта қоршаған ортаға да зиянын тигізбейді деп санайды.