ШҚО-да кәсіпкерлерге 1 млрд 90 млн теңгенің несиесі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да кәсіпкерлерге 1 млрд 90 млн теңгенің несиесі берілді

11.09.2023

Президент былтырғы Жолдауында кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін жастарға жылдық өсімі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруді тапсырған. Бүгінге дейін бұл жоба бойынша елімізде 3 мыңға жуық жас кәсіпкер 12 млрд 9 млн теңгенің несиесін алып үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 16 млрд теңге берілмек. Нақты нәтижеге бағытталған бағдарлама биыл да жалғасын таппақ.

Саят Бауыржанұлы туристер мен қысқы спорт түріне арналған киім тігеді.Негізгі мамандығы аудармашы. Бірнеше шет тілін де біледі. Шетелде қызмет істеп жүргенде туристер киетін киім тігу туралы ой келеді. Былтыр елге оралып жұбаймен бірге осы істі бастайды.

Саят кәсібін әуелі үйде бастайды. Биыл наурызда мемлекеттен 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, цехын кеңейтті.

Саят Бауыржанұлы, жас кәсіпкер:

Негізі 5 миллион теңге аса көп емес. Бірақ ақырындап іс бастауға болады. Мысалы, мен өз басым Президенттің Жолдауда берген тапсырмасының нәтижесін көрдім. Биыл да экономиканы көтеру туралы айтты. Бізде жеңіл өндірістің дамуы төмен. Ал менің тігіп жатқан курткаларым әлемдік брендтен еш кем емес. Көрдіңіздер. Сапалы.Бірақ арзан.

Нұрболат Серік наннан малға жем дайындайды. Қаладағы бірнеше шағын аудандағы қоқыс контейнерінің жанына арнайы бөшкелер қойған. Тұрғындар нанның қалдығын сол бөшкелерге жинайды. Нанның қалдығын цехта сұрыптап-кептіріп, жем етіп тартады. Әзірше ол жемнің еш қоспасыз ұсақ және түйіршікті түрін шығарып жатыр.

Нұрболат Серікұлы, кәсіпкер:

Мынау бізде мал бордақылап жатқан кісілер көбісі жаңағы витаминді бөлек сатып алып, солай беріп жатады. Болашақта ойлап отырмыз, жемнің құрамына кіргіземіз. Ол кісілерге де жеңілдік болады. Бізге де жемінің сапасына жақсы әсерін береді.

Кәсіпкер жем тартатын цехты 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз гарнаттың арқасында ашқан.

Енді кәсібін кеңейту үшін қайтадан мемлекеттің көмегіне жүгінбек.

Жалпы шығыста биыл 176 жас кәсіпкерге 1 миллиард 90 миллион теңгенің 218 несиесі берілген. Ал 135 адам 181 миллион 406 мың теңгенің қайтарымсыз грантын алды.

Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Ең басты көңіл бөлінетін мәселе жаңа жұмыс орындары ашу. Яғни бір грант бір жұмыс орны. Бір несие кем дегенде, 2 жұмыс орны.

Кәсіпкерлерді қолдауға арналған грант пен несиенің басым бөлігін ауыл тұрғындары алып, мал басын көбейтіп жатыр.


Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу