Қазақстан Италияға 900 млн доллар болатын өнім экспортын арттыруға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Италияға 900 млн доллар болатын өнім экспортын арттыруға дайын

06.09.2023

Италия Республикасының Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни Қазақстанға ресми сапармен келді. Еліміздің сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесу барысында екіжақты келіссөздер өтті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Италия ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жолдарын, сондай-ақ визалық режимді оңайлатуға қатысты мәселелер қаралды. Бұдан бөлек Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жақын арада Италияға іс-сапармен баратынын атап өтті.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Сыртқы істер министрі:

Италия Еуропадағы ең ірі сауда серіктестік екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Былтыр екі жақты саудамыз 15 млрд-қа жетті. Биылғы алғашқы 7 айдың нәтижесі бойынша саудамыз 9 млрд құрады. Алдағы уақытта Қазақстаннан 110 экспорттық позициялар бойынша осы көрсеткіш тағы да 900 млн долларға жеткізуге әлеуетіміз бар.

Антонио Таяни, Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі:

Біз Италияда білім алатын қазақстандық жастарды көбірек көргіміз келеді. Біздің студенттеріміздің де Қазақстанға келіп білім алғанын қалаймыз. Сондықтан виза мәселесін жеңілдету бойынша алдағы жоспарларымызды пысықтауымыз керек. Бұдан бөлек, жақында Алматыда Италия халқының мәдениет институты ашылады. Бұл екі ел арасындағы достықты, сенімді нығайтады деп ойлаймын.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу