Үш жарым мың доллар. 18 жыл ішінде Ұлттық қордан әр баланың шотына осыншама қаржы түседі деп жоспарланып отыр. Яғни, болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 мың 500 доллар жиналады. Бұл қаражат өсуі де мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында жаңа жылдан бастап әр баланың есепшотына Ұлттық қордан қаражат түсетінін жеткізді. Ел ертеңі балалардың болашағы үшін қолға алынған маңызды бастама қалай жүзеге асады? Кәмелетке толған соң бала бұл ақшаны қайда жұмсай алады? Ата-ана арнайы есепшот ашуы тиіс пе? Әріптесім Самал Қабышева анықтауға тырысты.
Екі баланың анасы Ұлжан Танабасова қос перзентіне Ұлттық қордан қаражат төленетініне қуанышты. Бір ескеретін жайт,баланың қазіргі толған жасына қаражат есептелмейді. Жоба келер жылдан бастап жүзеге асатын болғандықтан, сол тұстағы жасынан кәмелетке толғанға дейін ғана қаражат аударылады.
Ұлжан Танабасова, Астана қаласының тұрғыны:
Мен ойлаймын, мемлекеттің бұл балаларға жасап жатқан үлкен қолдауы. 18 жасқа дейінгі жиналатын қаражат бұлардың тек білімдеріне жұмсалса дейміз. Білімдінің күні жарық. Білімді ұрпақ ертеңгі еліміздің дамуына үлес қосады.
Иә, баланың есепшотына Ұлттық қордан түскен қаржы тек білім алуға немесе баспана жағдайын жақсартуға жұмсалуы керек. Ақшаны тек бала кәмелетке толған соң шешуге мүмкіндік бар. Елімізде 7 млнға жуық баланың есепшотына қаражат түседі деп жоспарланған. Қаржы министрлігінің өкілдері болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады дейді. Алайда бұл қаржы өзгеруі мүмкін. Бәрі Ұлттық қордың кірісіне байланысты.
Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:
Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:
Қаражат АҚШ долларында болады. Өйткені, Ұлттық қордың қаражаты АҚШ долларымен есептелінеді.
Әр бір баланың ата-анасына мемлекеттік органға, Үкіметке жүгінудің қажеті жоқ. Балаларға жинақтаушы шот автоматты түрде ашылады. Ондағы қаражаттың соммасын Электронды портал арқылы, қазіргі онлайн режимде балалардың ЖСН нөмірі арқылы көріп отыруға болады.
Жоспар бойынша, баланың есепшотына бірінші қаржы келер жылдың ақпан айының басында түседі.
Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры:
Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры:
Бағдарламаға қатысатын балалар 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 18 жасқа толмаған болуы керек. Егер ол кезеңде 18 жасқа толған балалар болса, бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Егер бала бұл бағдарлама басталған кезде 17 жасқа енді толып, 18 жасқа кетсе, ол бір жыл үшін, бағдарламаға бір жыл қатысуышы болып есептелінеді де, бір жыл үшін төлемді ала алады.
Егер 18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
Самал Қабышева, тілші:
Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ұлттық қордағы қаражат мөлшері 62 млрд АҚШ долларына жуықтаған. Президент бұл қаражатты 2030 жылға дейін 100 млрд долларға дейін жетккізуді тапсырды. Егер Ұлттық қордағы қаражат мөлшері өсетін болса, сәйкесінше, балалардың жеке есепшотына түсетін қаражат та арта түседі. Себебі, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың жеке есепшотына аударылуы тиіс.