Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпаздары марапатталды

02.09.2023

Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының екінші кезеңі мәресіне жетті. Оған ынтымағы мен татулығы жарысып, көпке үлгі болып жүрген 200-ге тарта отбасы қатысып, көптің ортасынан үздіктері әйгіленді.

Шымкентте өнердің сан түрін меңгерген 6 жан бір шаңырақта тұрады. Болатбек Бейісбековтің өзі мен жұбайынан бастап ұл-қыздары және келініне дейін суретші. Қолөнер шеберлері. Өнерлі отбасының немерелері де үлкендердің жолын қуған өрендер. Олардың үшеуі өнер және көркемсурет оқу орындарында білім алып жатса, мектепте оқитын кішілерінің өзі ерекше туындыларымен көпті тәнті етіп жүр.

Болатбек Бейісбеков, Суретшілер және қолөнер шеберлері одағының мүшесі:

Мерейлі отбасыға, осындай биікке жеткізген қазақтың төл өнері деп есептеймін. Осы ата-баба өнерін істеген кезде тәлім-тәрбиенің бәрі айтпай-ақ беріліп жатады ғой. Соның арқасында жақсы болып жүрміз.

«Мерейлі отбасы» байқауында Бейісбековтердің шаңырағымен бірге 178 отбасы бақ сынады. Олардың барлығы да елге қадірлі, көпшілікке сыйлы, еңбегі ерен жандар. Екінші кезеңге бұл отбасылардың 20-і іріктеліп шықты. Олардың барлығы алғыс хатпен марапатталып, сыйлыққа теледидар алды.

Қадырхан Арысбеков, қала әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

Байқаудың мақсаты отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасыдағы кәсіпті елге таныстыру, сол отбасыны жарыққа шығарып, үлгі ету.

Байқау қорытындысы бойынша өнерімен елге танылған Болатбек Бейісбековтер отбасы үздік атанды. Енді олар республикалық байқауға Шымкент қаласы атынан қатысып, бақ сынайтын болады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу