Басты Жаңалықтар Балаларды тегін тамақпен қамтитын мектеп асханаларының тендер алуы талапқа сай ма?

Балаларды тегін тамақпен қамтитын мектеп асханаларының тендер алуы талапқа сай ма?

Еліміз бойынша биыл алғаш рет мектепте тегін тамақпен қамтылатын балалар 1,5 млнға жуықтайды. Барлығы бастауыш сынып оқушылары. Яғни әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жеткіншектер мектеп асханасынан тегін тамақтанады.

Бұл Алматыдағы мектептердің бірінде болған жағдай. Ата-ана комитетінің мүшелері балаларына берілетін әр тағамды граммдап өлшеп, тексеруде. Себебі оқушылар астың дәмсіз екеніне шағымданған. Ал дайын тағам осылайша қоқысқа төгілді. Жалпы Оқу-ағарту министрлігінің ресми ақпараты бойынша биыл бір оқушыны тегін тамақтандыруға орта есеппен 577 теңге бөлінеді. Ең жоғары баға Алматы қаласында - 800 теңге.

Әсет Оңалбаев, ата-ана комитетінің мүшесі:

Мен асхана бойынша мониторинг тобының ішіндемін. Олар шағын және орта бизнеске жататындар. Оларды біз тексере алмаймыз. Мектепке бағынбайды. Сонда арыз түспесе, балаларымыздың улануын не бірдеңеге шалдығуын біз күтіп отыруымыз керек пе? Ауруын күтуіміз керек пе? Мораторийді балабақша мен мектеп тарапынан алып тастау керек.

Ал оқушылардың бір күндік тағамына мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат аз емес. Орта есеппен алғанның өзінде 1,5 млнға жуық оқушының бір күндік тамағына кемінде 1 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалады. Оқу-ағарту министрлігінің біздің арнаға берген ақпаратына сәйкес 6-11 жас аралығындағы балаға берілетін бірінші салқын тағамның мөлшері 250 граммнан кем болмауы тиіс. Екінші ас 300 г болуы керек. Ал мектеп асханасында қызмет көрсететін кәсіпкерлер тендер арқылы анықталады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Конкурс рәсімдерімен анықталып отырады. Оның заңнамалық жолдары министрліктің бұйрығымен қарастырылған. Жаңағы ас беруші ғана емес, өзінің тамағын ұйымдастыру, және оның сапалы, оқушыларға пайдалы болу жағы үнемі қоғамдық бақылауда болғандықтан сапасыз тамақ беру мәселесіне үлкен жол берілмейді деп есептемін.

Самал Қабышева, тілші:

Бұдан бөлек елімізде 669 мектепте асхана жоқ. Бүгін Үкімет басшысына жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндаған Оқу-ағарту министрі бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шешкендерін жеткізді. Яғни асханасы жоқ мектептерде тамақтанудың 3 тәсілі ұйымдастырылады. Яғни кейтеринг қызметі, демек, тамаққа тапсырыс беру арқылы жүргізілуде. Екінші модулді асханаларды құру, үшіншісі буфеттік тамақтануды ұйымдастыру. Ал тамақ сапасы қалай болатынын уақыт көрсетеді.

Самал Қабышева

Бөлісу