Мамандар онлайн қарыздың талабын күшейтуді көздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандар онлайн қарыздың талабын күшейтуді көздейді

09.08.2023

Елімізде онлайн несие алу қиындауы мүмкін. Бұл - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұсынысы. Қашықтан несие рәсімдеу үшін, енді жеке куәліктен бөлек, тағы бірнеше құжаттар талап етілмек.

Студент Әлібек Жандаров 3 жыл бұрын алғаш рет онлайн несие алған. Қажет кезде жылдам рәсімделген соң, оның саны да көбейе берген. Бүгінгі күні 2 млн. теңгеден аса берешегі бар. Табысымның тең жартысы несие өтеуге кетеді дейді ол.

Әлібек Жандаров, студент:

Студентпін, қосымша жұмыс істеймін. Басында 20 мыңнан бастап алдым. Кейін саны 50-100-200-ге дейін кете берді. Тәуелділік кәдімгі. Қит етсе жүгінесің. Табысым 150 мың, соның 80 мыңын кредит төлеймін. Мен сияқтылар өте көп, достарымның басында да осындай проблема.

Өткен айда Әлібек сияқты 2,5 млн қазақстандықтың бас-басына кредит ілінді. Олар банктен жалпы соммасы 1,2 трлн теңге қарыз алған. Бұл бұрын соңды болмаған рекордық көрсеткіш.

Халық 130 млрд теңгеге автонесие рәсімдесе, 800 млрд теңге кепілсіз тұтынушылық несие алған. Негізінен Алматы – (380 мың адам) Астана (216 мың адам) қалалары мен Түркістан – (210 мың адам) облысының тұрғындары. Экономистер мұны жақсы үрдіске балап отырған жоқ.

Осыны ескерген мамандар онлайн қарыздың талабын күшейтуді көздейді.

Онлайн несие тіптен оңай, әрі жылдам. Бұқара оның тиімді екенін айтты. Ақша керек кезде, ешқайда бармай-ақ, отырған жеріңізде сайтқа кіріп керекті қаражатты ала аласыз. Бірақ бұл мүмкіндікті алаяқтарда пайдаланып, қызығын көріп жүр. Сондықтан сарапшылар несие беру талаптары күшейтілгенін қолдайды.

Бауыржан Ысқақов, сарапшы:

Ендігі ұсыныс, алдымен био сәйкестендіруден өту керек. Оның электронды цифрлық қолтаңбасы болу керек. Әртүрлі фактордан өтіп барып ғана, бұрынғыдай 5-10 минут ғана емес, ол 3-5 күнге дейін артуы мүмкін. Демек, бұл адамдардың несиеге деген психологиялық көз-қарасы өзгереді.

Аида Ахметбек, тілші:

Бұдан бөлек, алаяқтықтың алдын алу мақсатында тағы бір өзгеріс енгізілуі мүмкін. Енді бәзбіреудің сіздің атыңыздан несие алғаны сотта дәлелденсе, жауапкершіліктен босатыласыз. Айта кетейік, бүгінгі күні жоба талқылаудан өтіп, енді қаржы ұйымдарымен келісулер жүргізіліп жатыр.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу