Түркияда жол апатынан отандасымыз қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жол апатынан отандасымыз қаза тапты

31.07.2023

Түркияда жол апатына түскен отандастарымыздың бірі ажал құшты. Оқыс оқиға кеше болған. Жерлестеріміз мінген шағын автобус Алания қаласында ірі жол апатына түскен еді. Алғашқыда 12 қазақстандықтың екеуі ғана орташа жарақатпен аурухана жеткізілді делінген ақпарат тарады. Алайда бүгін біреуі қайтыс болды. Өзге азаматтарымыздың хәлі қалай? Марқұмның жағдайы не болмақ?

Бұл - Түркияда жерлестеріміз мінген шағын автобус. Соққының қатты болғаны сонша, көліктің сау тамтығы жоқ.

Оқыс оқиға кеше болған еді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше 12 отандасымыз Алания қаласында экскурсияға бара жатқан. Бірақ жылдамдықты қатты асырған жүргізуші жүк көлігіне келіп соғылған. Мына кадрлерден ол анық көрінеді. Туристерді ерткен гид пен жүргізуші сол жерде тіл тартпай кетсе, екі Қазақстан азаматы ауыр жарақатпен шұғыл ауруханаға жеткізілген. Қажетті ота жасалғанымен, бүгін біреуі көз жұмды.

Ерлан Жетібаев, ҚР СІМ Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары:

Өкінішке қарай, алған ауыр жарақаттарының салдарынан бір отандасымыздан айырылдық. Консул қайтыс болған туыстарымен тұрақты байланыста. Барлық қажетті көмекті көрсетуде.

Қаза тапқан турист - Маңғыстау облысының тумасы. Кейбір мәліметтерге қарағанда оған Түркияға қыдырып баруға турды бала-шағасы алып берген екен. Алайда ажал құшып отыр. Қазір марқұмның ұлы Аланьяда. Ал өзге 11 қазақстандықтың өміріне төнген қауіп жоқ. Оның 4-еуі бала.

Жалпы осындай жағдайда туристердің құқығы қалай қорғалады? Шығынды кім өтейді? Турфирма мамандарының айтуынша, шетелге қыдырып шыққан жерлестеріміздің арасында түрлі оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Сондықтан қажетті көмек көрсетілуі үшін өз бетінше емес, тур алып, медициналық сақтандыру арқылы саяхаттаған дұрыс дейді.

Маржан Бахтияр, турагенттік қызметкері:

Туристердің құқықтары сақтандырумен және тур кодпен қорғалады. Белгілі бір жағдайларға байланысты турист зардап шеккен жағдайда барлық шығындары сол медициналық сақтандырумен жабылатын болады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Ал Аланияда апатқа ұшыраған жерлестеріміздің барлығында тур код бар. Медициналық жағынан сақтандырылған. Сондықтан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тіпті марқұмның денесін елге жеткізу үшін санавиация ұшағы да қарастырылған. Әзірге оның Түркияға қашан ұшатыны белгісіз.


Хабарламаларға жазылу