Түркістан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

24.04.2023

Түркістан облысында жол апатынан 3 адам қаза тапты. Отырар ауданының Төрткөл-Шәуілдір-Түркістан-Кентау тасжолында Nexia маркалы көлігі мен Хова жүк көлігі соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлік аударылып кетіп, жол жиегіне ұшып кеткен. Ондағы бір жолаушы ғана аман қалды. Ол түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қазір жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып, тергеу жүргізілуде. Түрлі сараптамалар тағайындалды.

Медет Бөрібеков, Отырар АПБ бастығының міндетін атқарушы:

Осы жол көлік оқиғасы салдарынан Nexia жүргізушісі және ішінде болған екі жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-ші бабы 4-ші бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.

Ақтөбе облысында да жол апатынан үш адам қаза тапты. Оқиға Хромтау ауданының Жазық елді мекенінің тұсында, Самара-Шымкент тас жолында болған. «Ваз-2110» маркалы көлік «Тойотамен» соқтығысқан. «Ваз» автокөлігінің 3 жолаушысы оқиға орнында жан тапсырды. Ал жүргізушісі аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу