Жасырған қылмыстың жұмбағы ашылды. Жамбылда желілік полицияның лауазымды қызметкерлері ірі көлемдегі ұрлықты жасырып келген. «Тараз» теміржол станциясында тоналған рельстің 5 мың бекіткішінің жалпы құны 5 млн теңгені құрайды. Бас көлік прокуратурасы мен Көліктегі полиция департаменті жүргізген тексеру кезінде қылмыс әшкере болды. Қарақшылар қорғау аймағына 13 рет ұрлыққа түссе де, желілік полиция көз жұмып қараған. Ұстағанның қолында кеткен шойын жол бөлшектері рельстердің беріктігі мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Яғни жоғары жылдамдық кезінде пойыздардың рельстен шығып кетпеуі осы бөлшектерге байланысты. Ал күні кеше Шу аудандағы «Аспара» станциясында жүк пойызы жолдан шығып кеткен болатын. Екі электровоз, 4 вагон мен тағы бір тепловоз аударылып қалды. Әзірге апат себебі анықталмады.
Данияр Әлімқұл