Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында 76 млн теңгеге салынып жатқан жол талапқа сай келмейді

Қызылорда облысында 76 млн теңгеге салынып жатқан жол талапқа сай келмейді

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында автожолдарды жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауыл жұрты асфальт төсеу жұмыстарын көптен күткенімен кейбір мердігерлер жол салуда сапаға салғырт қарауда.

Ақсу ауылын аудан орталығымен жалғайтын 2,3 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге биыл 76 миллион теңге қаралған. Мердігер — «Транссервис» компаниясы. Бірақ жол сапасын қадағалайтын мамандар төселетін «салқын асфальттің» құрамы талапқа сай келмейтінін анықтаған.

Жалпы жол құрылысы екі айда аяқталып, маусымның ортасына дейін ел игілігіне берілуі тиіс еді. Алайда мердігердің жұмысы өте сылбыр. Бүгінде нысанның басында бір ғана техника жүр.

Асхат Сабырбек, аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

Мердігер мекеменің айтуынша, қазіргі таңда материалдар, битум жетіспейді. Дегенмен біз қатаң ескерту бердік. Егер мерзімінде аяқтамайтын болса, ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсіретін боламыз.


Әділбек Серікұлы

Бөлісу