Шымкент қаласында 9 қабатты ірі панелді тұрғын үй сейсмикалық сынақтан өткізілді.
Арнайы қондырығылардың көмегімен ғимарат аумағында 7 балдық жер сілкінісі болды. Сынақ барысында объектінің деформациялану динамикасы мен ерекшеліктері анықталады. Зілзала бір жарым минутқа созылды. Тербеліс кезінде, әсіресе бетон қабырғалар мен жабын плиталардың біріккен жерлерінің беріктігіне айырықша мән берілді. Жаңа мөлтек ауданда салынып жатқан тұрғын үй ерекше конструктивтік жүйемен салынған. Мұндағы құрылыс материалдары елімізде алғаш рет пайдаланылып отыр. Яғни бетон панельді плиталар бұрынғыдан екі есе ұзын. Соған сай жүк көтеретін қабырғалардың арасы да алшақ.
Ералы Шалқаров, ҚҚСЖ Ғылыми зерттеу институтының өндірістік басқарушысы директоры:
Сынақтан соң 2-3 ай уақыт өтеді. Ғимараттың ішінде 100-ден аса датчиктер орналасқан. Компьютерге қосылған. Сол деректерді алып, қорытынды береміз. Кемшіліктер болған жағдайда қорытындының ішіне нәтижесін өзгерту керектігі жайлы жазылады.
Қаланың сейсмикалық картасы соңғы рет 2001 жылы жасалған. Құрылыс сәулет ғылыми зерттеу институты сол кезеңнен бері 4 рет осындай сынақ жүргізген. Оның екеуі биыл өткізілді. Жалпы шаһарда мемлекеттік және әлеуметтік мекемелерді қоспағанда 1 мың 700-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Мамандардың айтуынша соңғы он жылдықта тұрғызылған баспаналар 6-7 балдық жер сілкінісіне шыдас береді. Ендігі міндет Кеңес одағы кезінде тұрғызылған көпқабатты үйлерге сейсмикалық аудит жүргізу.
Ғани Қалмаханов