Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумына арнайы келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездескен еді. Қатар үкіметі мен бизнес өкілдерін бастап келгені үшін шейхқа алғыс айтты. Сондай-ақ Қатар Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Қазақстан Қатарға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрінің экспортын арттыруға дайын. Кездесуде сан түрлі саладағы бірлескен жобалар талқыланып, іскерлік байланыстарды нығайту үшін екі ел арасында тікелей әуе қатынастарын ашу маңызды екені де айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Таяу арада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы кезеңде біз тиімді мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік.Сіз мемлекеттеріміздің арасындағы ықпалдастықты тереңдетуге зор үлес қосып келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Қазақ-қатар байланыстарын нығайту үшін Сізбен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайынмын. Қатар инвесторларына барынша қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаймыз.
Шейх Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Қатар мемлекетінің әмірі:
Астана халықаралық форумына шақыруыңызды қабыл алып, Қазақстанға келіп отырмын. Бұл – мен үшін зор құрмет. Менімен бірге Қатардың іскер топтарынан құралған үлкен делегация келді. Бұл екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың табысты болуына жол ашады деп ойлаймын. Түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз басқа да бағыттардағы ынтымақтастықтың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз.
Азамат Бейбітұлы