Бүгін Шымкентте ауа температурасы 42 градусқа жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Шымкентте ауа температурасы 42 градусқа жеткен

07.06.2023

Елімізде соңғы күндері күн күрт ысыды. Бүгін Шымкент қаласында ауа температурасы 41-42 градусқа жеткен. Сая іздеген көпшілік өзендер мен субұрқақтарды жағалап кетті. Әсіресе, қаланы қақ жарып өтетін Қошқарата өзенінің жағалауы түс кезінен бастап адамға толып кетеді. Шаһардағы әкімшілік іскерлік орталық, Арбат алаңы мен саябақтардағы 10-нан астам субұрқақта да, адам қарасы қалың. Күннің ысуына байланысты қан қысымы жоғарылап, ауруханаға түсіп жатқандар да көбейген. Қалалық клиникалық аурханаға соңғы бір аптаның өзінде басынан күн өткен оннан астам адам жеткізілген. Сондай-ақ жаздың шілңгірінде өрт де жиілеп кетті. Төтенше жағдай қызметіне құрғақ шөптің немесе қоқыстың тұтануы туралы күніне 20-30 қоңырау келіп түседі дейді мамандар. Жалпы күн ысығалы мегаполис аумағында 400-ден астам өрт оқиғасы болған. Ауа-райын болжау қызметі аптап ыстық ертең де жалғасатынын айтады.

Қуаныш Лекеров, №1 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

Маусымның 7-ші күнінде 9 адам болыпты. Былай айтқанда күннің ыстығын білдіреді көрсеткіш. Көтеріліп жатыр деген сөз. Былай айтқанда маусым айының 10-на дейін 6-7 науқас түссе, қазір онкүндік бітпей жатып 9-10 науқас болып жатыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу