Шымкент қаласында алдағы 3 жылдың ішінде 111 көпқабатты үй бұзылатын болды. Осыдан 80 жыл бұрын салынған бұл баспаналардың бүгінде әбден тозығы жеткен. Тұрғындар шатырлары сынып, қабырғалары жарылған үйлеріне әлі күнге сақтанып кіріп, үреймен тіршілік етуде. Жергілікті билік енді реновация бағдарламасы аясында биылдан бастап ескі үйлерді шетінен бұзып, орнына жаңасын салуды бастамақ. Келісімге сай, тозған үйлердің иелеріне бірінеше қолайлы ұсыныс жасалады. Жаңа үйдің құрылысы біткенше, инвестор тұрғындар жалдаған пәтердің ақысын төлеп беруге міндеттеліп отыр. Жаңа қоныс дайын болғанда, азаматтарға өздерінің ескі баспаналарының аумағына сай баспана беріледі. Ал үйін кеңіткісі келгендер артық шаршы метрдің ақшасын өздері төлейтін болады. Биыл 6 көпқабатты тұрғын үй бұзылып, орнына жаңасы салынбақ.
Руслан Серікбаев, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылыс департаментінің басшысы:
Қазір 6 нысанға инвесторлар тарту мәселесімен жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі таңда 4 нысанға инвесторлар бар. Солармен алдын ала келісімшарт түзілді. Қазір жобалық смета құжаты әзірленіп жатыр.
Ғани Қалмаханов