Құрылғанына бір жыл болған Абай облысында барлық сала бойынша даму байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс пен ауыл шаруашылығы алға ілгерілеген. Сыртқы сауда айналымы 1,4 миллиард долларды құрап, халықтың орташа айлық жалақысы 260 мың теңгеге жетті. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз-конференциясында айтты. Дербес аймақ болып құрылған Абай облысының бір жыл ішінде қол жеткізген табысы елеулі. Өткен жылға Абай облысының бюджеті 374,6 млрд. Теңге шамасында болды. Тек төрт айда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 102, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 105 пайызға артқан. Құрылыс секторы 159,8% , Инвестиция көлемі 112,9 , өңдеу өнеркәсібі 121,3 пайызға ұлғайды.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспар инвестиция көлемін 1,9 триллион теңге болатын 102 шарадан тұрады.
Семейліктер үшін көп жылдан бері жылу мәселесі өзекті. Әсіресе қаланың оң жағалауын ресурстары таусылған қаптаған шағын қазандықтар жылытады. Облыс орталығында халық санының артуына байланысты көпқабатты үйлердің қарқынды құрылысы жағдайды қиындатып отыр. Алдағы жылдары бұл мәселе де шешімін табады.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
«Самұрық-Энерго» АҚ ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталды. рісті. Жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Облысты дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңарту бойынша 11 жоба, желілерді жаңғыртудың 19 жобасы енді.
Облыста көлік дәліздерін кеңейту үшін алдағы екі жылда ұзындығы 270 км болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған. Жоба іске асса теміржол тасымалының көлемі жылына 20 млн.тоннаға дейін ұлғаймақ. Өңірде үш жылда 148 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі, 7 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде 5700 орындық 11 білім ошағы салынбақ.
Ержан Жақып