Қызылордада жаңа әуежай терминалының құрылысы қызу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жаңа әуежай терминалының құрылысы қызу жүріп жатыр

25.05.2023

Қызылордада жаңа әуежай терминалының құрылысы қызу жүріп жатыр. Құны 15 миллиард теңгені құрайтын нысан белгілі меценат Болат Өтемұратов қорының қаржысына салынуда. Жалпы қалада биыл бюджеттен тыс демеушілер есебінен бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жаңа терминал озық технологиямен салынуда. Нысанның қаңқасы түгелдей металдан құрастырылады. Тіпті, бірде бір кірпіш пайдаланылмайды дейді мамандар.

Жобаны Түрік компаниясы әзірлеген. Ғимарат аумағы 7,5 мың шаршы метр болады. Ал сыртқы беті әйнекпен, темір панелдермен қапталады. Жаңа терминал аспанан қарағанда ұшқан құстың бейнесіне ұқсайтын болады дейді жоба авторлары.

Унур Теджмер, тапсырыс беруші мекеме өкілі:

Бұл өте замануи әуежай болады. Мысалы, жеделсатыны Финляндиядан, ал телескопиялық трапты Германиядан алдыртып жатырмыз. Жалпы барлық құрал-жабдықты Еуропа елдерінен әкеліп орнатамыз. Құрылысты ақпан айында бастадық, келер жылы мамырда аяқтаймыз деген жоспар бар.

Биыл қалада жол жөндеу жұмыстарына 12 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 244 көшеге асфальт төселінеді. Басымдық қаланың шет аумағына беріліп отыр. Сондай-ақ, көлік көп жүретін Сұлтан Бейбарыс даңғылы да төрт жолаққа кеңейтіліп жатыр. Шаһарда абаттандыру-көркейту жұмыстары да қарқынды. Облыс әкімдігі ғимаратының қоршауы алынып, алдынан тұрғындар серуендейтін аллея салынуда.

Асылбек Шәменов, қала әкім:

Қазір бізде 32 миллиард теңге құны тұратын осы кәсіпкерлер арқылы жоба дайындаттық. Оқушылар үйінің құрылысы, музыкалық колледждің құрылысы, үлкен стадионымыздың құрылысы басталғалы отыр.

Қызылорда бүгінде еліміздегі таза қалалардың біріне айналды. Күндіз-түні еңбек ететін коммуналдық қызмет көрсету мекемесінің материалдық техникалық базасы жылдан жылға жаңарып, биыл тағы 20 заманауи техникамен толығып отыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу