Елена Рыбакина маусымдық рекорд орнатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елена Рыбакина маусымдық рекорд орнатты

22.05.2023

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның дүниежүзілік рейтингтегі орны жоғарылады. Жерлесіміз әлемнің төртінші ракеткасы атанды. Сонымен бірге ол аты аңызға айналған теннисшілер Моника Селеш пен Мария Шарапованың жетістігін қайталады.

Ол бір маусымның ішінде үш рет қатысқан турнирлерінің финалына дейін жеткен. Елена Рыбакина бір күн бұрын Рим WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды. Финалда әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина КалинИнамен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші сетте отандасымыз қарсыласын 6:4 есебімен жеңді.

Ал екінші кезең бастала сала украиналық спортшы жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты. Бір сағаттай болған матчта Елена 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың екеуін өз пайдасына жазды.

Сондай-ақ жерлесіміз Парижде өтетін Ролан Гаррос жарысына қатысатынын айтты. Турнирдің бүгін іріктеу кезеңі басталды. Оған Тимофей Скатов қатысады. Ал Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик негізгі кезеңде жарыс жолына шығады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу