Ақтөбеде қазақы төбет иттердің көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде қазақы төбет иттердің көрмесі өтті

10.05.2023

Ақтөбеде қазақы төбет иттердің көрмесі өтті.Бірнеше облыстан жиналған ит баптаушылар таза қанды төбеттерді сақтау мәселелерін де талқылады. Жиналғандар «Тазы мен төбетті төбеге көтеретін уақыт жетті» дейді. Бұл көрменің Ақтөбеде өтуі тегін емес. Себебі еліміз бойынша 400 шамасында ғана төбет болса, оның жүзден астамы осы өңірде. Шараға Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан да меймандар келді. Олар қазақы төбетке жасалған қамқорлықтың бірі - оның нақты стандарттарын белгілеу дейді. Өйткені, төбет тұқымы өзге түрлермен араласып кеткен.

Жаңбырбай Жиенқұлов, төбет асыраушы:

Жүндері қалың, кәдімгі табиғи малшымен бірге далада, от пен суға түсіп, қарлы жаңбырда мал бағатын иттер.Генетикалық солай сұрыпталған.Бұлардың өте артықшылығы – адамға агрессиясы жоқ, малға да агрессиясы жоқ.

Мамандардың айтуынша, қазақы төбет «маңтөбет, бәйтөбет, таутөбет» деп жіктеледі. Аңшылық пен малшылықта қазаққа жолдас болған бұл ит тұқымын көбейту – кезек күттірмейтін шаруа. Оның үстіне қазір төбеттің күшіктерін ұрлайтындар да көбейген. Осылайша иттің иелері мал күзетуі тиіс салпаң құлақтарды өздері күзетуге мәжбүр. Ит баптаушылардың айтуынша, төбеттің табиғи ортасы – ауыл болғандықтан, қалада ұстау қиын.

Еркін Нұржігіт, төбет асыраушы:

Қалаға келсе психология кетеді сосын генетикасы бұзылады. Денесі, анатомиясы кетеді. Байлаулы тұрған ит өспейді ғой ешқашан. Малдың артында жүретін иттер.Бұлар қысқы салқынға шыдамды, жүндері қалың, жазда да жүреді малдың артында. Тамақты аз жейді.

Нағыз қазақы төбетті арнайы сараптамасыз-ақ өзгелерден айыруға болады. Өйткені, оның мінез-құлқы мен тіршілігі мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Бұған дейін елімізде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша арнайы заң да қабылданғаны белгілі. Бұл заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 миллиард теңге де бөлінді. Алайда, ит асыраушылар әлі нақты қолдау көрмей отырғандарын айтады.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу