Шымкентте дәстүрлі гүлдер фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте дәстүрлі гүлдер фестивалі өтті

24.04.2023

«Менің гүлді аулам». Шымкентте осындай атаумен жыл сайын өтетін байқаудың арқасында шаһардағы тұрғын үй аулалары гүлмен көмкеріліп, жасыл желекті мекенге айналды. Дәстүрлі гүлдер фестивалі жайлы аймақтағы тілшіміздің бейнематериалы.

Шымкент қаласының тұрғыны Асылхан Ағыманов өз күшімен бір көшенің бойын жасыл желегі жайқалған саябаққа айналдырды. Жасы 70-ке келген қария ағаштар мен гүлдердің көшетін өз қаржысына сатып алып, оларға әлі күнге өзі күтім жасап келеді. Бүгінде 200-ге тарта шаңырақ жайғасқан көшеде 400-ден астам тал-терек жайқалып тұр. Жол бойында гүлдің де сан алуан тұқымы, алма, терек, тұт секілді ағаштың оннан астам түрі бар.

Асылхан Ағыманов, қала тұрғыны:

Тілі жоқ, әйтпесе сөйлейді бұлар. Су берсең жайнап шыға келеді. Кешке су беріп, азанда қарасаң құлпырып тұрады. Реңі өзгеріп, жапырағы сылдырып. Соны көріп өзім ләззат аламын.

Мына көпқабатты тұрғын үйдің ауласы да елден ерек. Ынтымағы жарасқан көршілер есік алдын өздері гүлдендіріп отыр. Биылдың өзінде 100-ге тарта гүл мен ағаш отырғызды. Онан бөлек жаздың шіліңгір ыстығында жанға сая болар себезгі де жасап алған.

Асхат Садықов, қала тұрғыны:

Мұның күтімін көршілер болып жасаймыз. Кестесін сызып қойғанбыз. Кім бос болады суарады, қырқатыны бар солар істейді.

«Менің гүлді аулам» байқауына биыл 100-ге тарта ауланың тұрғындары қатысты. Оның қорытынды фестивалінде қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен гүлдер көрмесі ұйымдастырлып, жасыл желекті күтіп баптауға ісінен шеберлік сағаттары өтті. Үздіктер марапатталды.

Азамат Қалқабаев, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Отыз үздік анықталды, яғни 31 аула. Мемлекеттік органнан қазылар алқасына ешкім қатысқан жоқ. Профессионал ботаниктер, журналистер мен блогерлер қатысты.

Биыл көктем ерте келгендіктен Шымкент қаласы жылдағыдан ертерек әсем келбетке ие болды. Шаһардың орталық көшелері мен саябақтар, демалыс орындарына қызылды жасылды алуан түрлі қызғалдақпен көмкерілді. Ерте көктемде егілген 850 миллион түп қызғалдақ сәуір айы басталғалы қып-қызыл шоқтай боп, төңіректі құлпыртып тұр.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу