Шымкентте жаңа тұрғын үй бағдарламасы енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жаңа тұрғын үй бағдарламасы енгізілді

22.04.2023

Шымкентте мұғалімдер, журналистер, тәрбиешілер мен ғалымдар, медицина, мәдениет пен спорт қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары жеңілдікпен тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болады. Мегаполисте енді «Qamgor» бағдарламасы жүзеге асады. Бағдарлама сондай-ақ барлық санаттағы азаматтар үшін де қолжетімді. Оның аясында қала тұрғындары бағасы 20 миллион теңгеге дейінгі баспананы несиеге ала алады. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз. Құрылыс жинақ жүйесінің арқасында ипотека қаржысының қайтарымы әрі қарай 3,8 пайызға дейін төмендейді. Бағдарлама шарты бойынша баспана алуға ниетті талапкердің жасы 63-тен аспауы керек. Үш жыл Шымкентте тұрақты тіркеуде болуы шарт. Және бір жылдан кем емес жұмыс өтілі барлар қатыса алады. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі қатысып, үй алуына мүмкіндік беріледі.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу