Шымкент тұрғыны тотықұстың бірнеше түрін өсіріп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент тұрғыны тотықұстың бірнеше түрін өсіріп келеді

20.04.2023

Шымкент қаласында үйін орнитологиялық баққа айналдырған Сырлан Тәшімбетов есімді азамат тұрады. Ол шаңырағында экзотикалық және әнші-әсем құстардың көптеген түрін өсіріп келеді. Мамандығы есепші азамат бала кезіндегі әуестігін бүгінде табысты кәсіпке айналдырып отыр. Аядай ғана бөлмеде тотықұстың бірнеше түрі, онан бөлек зебра түстес амадина, ақсары, шұбар, сары шымшық, қылаң құс тұқымы бар. Оларды иелері үйіміздің көңілді тұрғындары деп те атайды. Өйткені қысы-жазы таң қылаң берісімен-ақ шықылық атып, сайрай жөнеледі.



Сырлан Тәшімбетов, құс өсіруші:
Қыстыгүні даладан жаурап келген кезде үйге кірсең құстардың сайрап тұрғаны көктем мен жаздың көңіл көңіл күйі. Жалпы адамға тәрбие, балаларға тәлім беретін нәрсе ғой.
Үй құстары ерекше күтімді қажет етеді. Күніне екі рет суын аусытырып, асты тазартылады. Жеммен қоса минералды қорегі беріледі. Олардың күтіміне келіншегі мен балалары да қолғабасы жасайды. Бір мезгіл тордан босатып, еркіндікке де жібереді. Алты жасар кезінде әкесіне еріп базарға барған Сырлан тордағы тотықұсты көріп қатты қызығады. Ес білгелі тек мультфилмдерден көріп келген құстың түрі мен түсі оны бірден арбап алады. Бұл іске әуестік пен қызығушылық 32 жыл бұрын осылай басталған.

Айдана Жақыпбекқызы, Сырланның жұбайы:
Құстар үйімізге жылылық шашады. Жыл он екі ай көктем боп тұрады. Келген жұрттың бәрі қызығып, ерекше сезімде кетеді.

Мамандығы бухгалтер жігіт әуес тірлігін кәсіпке айналдыру мақсатында осыдан 4 жыл бұрын «Бастау бизнес» мектебінде оқып, экзотикалық құстарды өсіру жобасы үшін жарт ымиллион теңге грант жеңіп алды. Содан бері кәсібінің ауқымын кеңейтіп, жетілдіріп келеді. Әсіресе көктемде құс сатып алушылар көбейеді.

Сырлан Тәшімбетов, құс өсіруші:
Қазақстанның өзінің атынан басқа құстың түсін шығарғымыз келеді. Себебі, Түркияда, Өзбекстанда, Америкада олар өздерінің түсін қойып жатады мақтанышқа. Мен мынадай дәрежеге жеттім деп. Бізге де сондай нәрселер керек.

Бүгінде Шымкентте Сырлан секілді құс өсіруді кәсіпке айналдырған 30-дан астам азамат бар. Олардың ендігі ойы осы іспен әуестенетіндердің қауымдастығын құру. Сөйтіп дүниежүзілік көрме өткізуді жоспарлауда.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу