Астанада жауған қардан көшеде жүру қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жауған қардан көшеде жүру қиындады

17.04.2023

Сәуірдің ортасынан ауған тұста Астанада екі күн бойы қар борады. Ал бүгін шахар көшелерінде қозғалыс қиындады. Қалың жауған қардан қоғамдық көліктердің жүрісі қиындап, такси бағасы шарықтап кетті. Тіпті, әуе қатынасы да баяулап, рейстер кешігіп жатты. Ал коммуналдық қызмет күшейтілген кестеде жұмыс істеуге көшкен. Қыс қылышын ұмытып кетсе керек. Көктемнің көкегінде долы боран ысқырды. Қара жер ақ көрпесін жамылды. Тонғаннан тонымызды сандықтан қайта шығардық. Қазақ бұл құбылысты бесқонақ һәм өлара дейтін. Таңырқатқан таң, күпсек қар, күпті көңіл. Қаладағы қозғалыс тежелді. Табаны тайғақ темір тұлпарлар қазыққа байланғандай бір орында кісінеп тұр. Қоғамдық көлік те қоғамның күшімен күшеніп жатыр. Аспаннан қар емес, ақша жауғандай такси қызметінің бағасы да шарықтап кетті. Автобустар аз болғандықтан іші лық толы, тұрғындар симай жатты. Амалы таусылғасын ба, әлде қызық көрді ме шаңғымен жүйткігендер де бар. Темір тұлпарды тастап, тірі тұлпарды тізгіндегендер де бар. Қаланың қақ ортасында ойқастап жүр. Астанаға мұндай көлемде көктемгі қалың қар соңғы рет 1996 жылы түсті деседі жұрт. «Қазгидрометтің» дерегі бойынша үш күнде ай сайынғы нормадан екі есе артық қар жауған.

Дархан Мұсабеков, «Астана Тазалық» ЖШС Есіл ауданы бойынша атқарушы директоры:

Біз негізі қысқы мерзімнен шығып, көктемгі режимге көшкенбіз. Ауа райы өзгеріп келе жатқанын осы жақында үш күн бұрын біле бастадық. Екі айлық мөлшерді екі-үш күнде тазалап тастау мүмкін емес. Қолдан келгенше күні-түні екі, үш ауысымда жұмыс атқарып жатырмыз.

Таза көшелерде маңдай тердің табы бар. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Гүлмира апамыз он жылдан бері жұмысшы болып еңбек етіп келеді. Қар тазарту анау айтқандай оңай іс емес дейді.

Гүлмайра, мектеп жұмысшы:

3-4 күн бұрын күл-қоқыс теріп, құм сыпырып жүрдік. Ол кезде жақсы болды. Аяқ астынан қар жауды. Адамдар түсінбейді. Техника да үлгермей жатыр. Осыны халық түсінсе екен.

Көліктің дөңгелегін ауыстыратын жерде де қызу жұмыс.

Жандос Титеев, қала тұрғыны:

Кеше мен жазға ауыстырғанмын. Ұзақ болатын шығар деп қайта қысқа ауыстырып жатырмын. Сенім жоқ енді.

Қазір Астанадағы қарды тазартуға 1700-ден аса техника мен 2200 жұмысшы жұмылдырылған. Дегенмен синоптиктердің болжамы бойынша күн күрт жылынуы мүмкін. Алдағы аптада ауа райы тіпті +15-ке дейін барады деп отыр. Егер соған дейін мынау қалың қарды тазартып үлгермесе, көше көлге айналып кетуі ықтимал. Бүгін шаңғы тепкендер ертең қайыққа мініп алса таңғалмаңыз. Ондай оқиғалар Астананың көктемінде болып тұрады.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу