Шекаралы аймақты дамытуға басымдық беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекаралы аймақты дамытуға басымдық беріледі

17.04.2023

Жетісу облысының бірнеше ауданы Қытай елімен шекаралас жатыр. Президент мұндай аймақтарды нығайтуды тапсырғаннан кейін жергілікті билік өңірді дамытуға ден қойды. Панфилов ауданында соңғы жылдары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Себебі аудан халқының саны өсіп, кезек күттірмес мәселелер көбейді.

Шежін ауылындағы бұл мектеп биыл пайдалануға берілді. Оған дейін оқушылар ескі ғимаратта білім алып келді. Шекаралы ауылға қоныстанғандар саны артқандықтан жаңа білім ошағы қажет болды. Ал, ескі мектептің бір бөлігі апатты деп танылды. Қазір оқушылар қажет құралдарымен жабдықталған нысанда екі ауысымда білім алуда.

Гүлбаршын Қызыр, ауыл тұрғыны:

Екі балам бұрынғы көне мектепте бітіріп кеткен. Қазір екі балам осындай әйбәт зәулім мектепте оқып жатқанына өте қуаныштымын. Мен ғана емес, бүкіл осы Шежін ауылының тұрғындары барлықтары қуанышты.

Ал аудан орталығы Жаркент қаласында 60 пәтерлі екі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек. Мұнан бөлек тағы 60 пәтерлік екі баспананың құжаттары әзірлену үстінде. Жалпы аудан бойынша 4200-ден астам адам баспана кезегінде тұр. Халық санының артуына байланысты қалада тағы бір білім мекемесіне қажеттілік туындады.

Дидар Ешенов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

Жаркент қаласында жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында 1200 орындық үлкен мектептің құрылысын жоспарлап отырмыз. Ол осы ағымдағы жылдың мамыр айында басталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ еркін экономикалық аймақ орналасқан Нұркент елдімекенінде бірнеше тұрғын үй салынып жатыр. Үлкен Шыған және Пенжім ауылдарында екі спорт кешені бой көтереді.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу