Ақтөбеде тұрғындары балаларының тегін білім алғанын қалайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тұрғындары балаларының тегін білім алғанын қалайды

14.04.2023

Ақтөбеде мектеп тапшы. Тұрғындар балаларының тегін білім алғанын қалайды. Бірақ 20 мыңдай халқы бар «Батыс 2» шағын ауданында мемлекеттік екі білім ордасы ғана бар. Жеке меншік мектептерге беруге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Өйткені бұл орталықтар бала басына ай сайын 70-80 мың теңгеден талап етеді. Бұл шаһардың жылдам өсіп келе жатқан ауданы. Халық саны көбейген сайын мектепке деген сұраныс та артқан. Ата-аналар алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа баратын балаларын жақын маңдағы екі мектепке де тіркете алмай отыр. Өйткені орын жоқ. Ал үй іргесіндегі жеке мектепке беру арманға айналған.

Гүлмаржан Тәңірбергенова, қала тұрғыны:

75-80 аралығы деп тұр. Енді ойлап қараңыздар, көп балалы жанұялар мектепке үш-төрт бала барады деңізші, орташа, кімнің қалтасы көтереді оны? Мүмкін емес ол. Жан-жақты қарасаңыз, балабақшаның барлығы ақылы бізде. 30-40 мың балабақшаның өзі.

Бұл аудандағы жүздеген бала қаланың екінші шетіндегі мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Арнайы бөлінген автобус болғанымен, ол жолы жоқ мына көпқабатты үйлерге келмейді. Сондықтан, ата-аналар балаларын таксимен тасымалдап, қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр.

Нұрсұлу Қабақбаева, қала тұрғыны:

Үйге дейін келмейді, балшықтың кезінде келмейді. Өйткені автобустың келуі өте қиын. Менің балам өз мемлекетімде үйімнің дәл қасындағы мектептен білім алуын талап етемін.

Білім саласына жауапты мамандар жеке меншік білім ордаларының басшыларына құзыретіміз жетпейді деп ашық айтты. Дегенмен, биыл «Батыс-2», «Батыс-3» аудандарында екі мектептің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Метгүл Қосымбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:

Ол 1-4 сыныптарды ақылы қылатыны. Ақылы болғанда олар ұзартылған түрінде. Ал қалған 5-11 сыныптар кәдімгі мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетеді. №63, 64-мектепте оқитындар осы мемлекеттік тапсырыспен қызмет ететін мектепке жақын тұратындар. Олар бара алады. Қалғандарына жеке меншік болғасын біз ештеңе айта алмаймыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазірдің өзінде 600 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтөбе қаласында халық саны жедел қарқынмен өсіп келеді. Сәйкесінше, шаһарға жаңа білім ордалары қажет. Биыл өңірде 8 мектеп пайдалануға берілуі тиіс болса, оның төртеуі облыс орталығынан бой көтермек.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу