Павлодар облысы Ақсу қаласы әкімшілігі жайылымды жеке кәсіпкерге беріп жіберген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы Ақсу қаласы әкімшілігі жайылымды жеке кәсіпкерге беріп жіберген

07.04.2023

Павлодар облысы, Ақсу қаласы әкімшілігі бірнеше елді мекеннің жерін қаладан келген инвесторға беріп жіберген. Ал, тұрғындар болса, малға жайылым таба алмай отыр. Кәсіпкер төңіректі түгел жыртып, тіпті өріске апаратын жолды жауып тастаған. Тараптарды тілшіміз тыңдады.

Инвестор алған жердің көлемі 2400 гектар. Ауылға тиіп тұр. Ребровка мен Қаракөл ауылы тұрғындары өмір бойы осы жерге мал жайып келген.

Ермек Жәкетаев, Қаракөл ауылының тұрғыны:

Бізге мына жерді бер деген кезде бермеген еді. Неге бермейсіз деген сұрағымызға осы ауылдың жері деп айтты. Ауылдың кісілері бағады-деп айтты. Қазір енді біз өз жайлауымызға өте алмайтын болып отырмыз.

Дауға айналған алқап бес жыл бұрын жеке кәсіпорын атына рәсімделіпті. Тек былтыр күзде тауарлы- сүт фермасын салуды бастаған. Айналасын малдың жем азығын өсіретін суармалы егістікке айналдырмақ көрінеді.

Сағындық Жетпісов, Ребровка ауылының тұрғыны:

2018-де заң бойынша тіркеп алған деген, сондай хабар. Былтыр ғана бізге келіп, жерді жыртып, аударып сала бастады.

Былтыр ауылға жаңа әкім тағайындалған. Біраз былықтың беті ашылды дейді ол.

Аманкелді Рүстемов, Алғабас ауылдық округінің әкімі:

Халықтың өтініші бойынша жер бақылау инспекциясы тексеріс жүргізді. Сол тексерістің қорытындысы бойынша бір участок «Кронос- Павлодарға» заңсыз берілген деп табылды. Сол жерлерді қайтарып беру үшін халықтың мал бағуына қазір сот процесі жүріп жатыр.

Сот кезінде құрылыс та, жер жырту жұмыстары да тоқтатылуы тиіс-дейді әкім. Бірақ, инвестор өзіне сенімді.

Оксана Кондратьева, «Кронос-Павлодар» ЖШС заңгері:

Бізге құжат жүзінде ешқандай ескерту келген жоқ. Олар заң жүзінде әрекет жасаулары керек қой. Себебі, сот өтіп жатқан кезде құрылыс жұмыстарын тоқтату керек деген заңның еш бабында жазылмаған.

Төрт түлігін өріске шығара алмай пұшайман болған жұртқа заңгер Асқар Бейсекенов тегін көмек көрсетіп жүр. Оның айтуынша, облыста жерінен айрылып қалған ауылдар жетіп артылады.

Асқар Бейсекенов, заңгер:

Осы инвесторлар келіп үш ауылдың мал бағатын жерлерін жоғалтып отыр. Мен енді ауыл шаруашылығы министріне айтайын деп отырмын, осындай инвесторлар келсе ауылдан 20-25 шақырым болуы керек. Енді мынау сұрапыл. Енді бұл ауыл солай шашылып қалады.

Қалталы кәсіпкер сотта ұтылған жағдайда салған ақшасын бюджеттен қайтарып алуға тырысады. Себебі, жерді берген мемлекеттік орган. Соңдықтан тым болмағанда соңғы 5 жылда жекеге берілген жерлерге ревизия жасау керек дейді заңгер.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу