БҚО-ның бірнеше ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ның бірнеше ауданында төтенше жағдай жарияланды

14.03.2023

Батыс Қазақстан облысында тасқынға байланысты Орал қаласы мен Бөрлі, Бәйтерек,Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Үш ауданнан бас аяғы 149 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан 58 адам тікұшақпен эвакуацияланды. «Қаратөбе-Қоржын» тасжолын қарғын су басып, елді мекенге қауіп төнді. Тұрғындардың бір бөлігі аудан орталығындағы мектепті, қалғаны тума-туыстарының үйін паналады.

Ал, Бөрлі, Сырым, Теректі аудандарында 48 үйді су басты. Әсіресе, Қызылтал, Ақбұлақ ауылдарында жағдай күрделі. Суда қалған 300 бас мал мен құс ауыл-аймақтан тысқары шығарылды. шығарылды.

Қалада қауіп сейілді. Дегенмен, канал тасып, жертөлесі суға кеткен кейбір көпқабатты үйлер бүгін үшінші күн жарықсыз, жылусыз отыр.

Айнұр Иманғалиева, қала тұрғыны:

Кешеден бері жарықсыз отырмыз. Жылу түнге қарай салқындады. Жертөледе электр щиті суға кетіп тұр. Ақау болмасын деп, өшіріп тастады. Әлі сормады жертөлені. Су кебу керек қой әлі.

Өңірдегі республикалық, облыстық, жергілікті маңыздағы жолдардың 26 бөлігін қарғын су шайып кетті. Олардың тек 13-інде ғана жол ашылды. Оннан астам елді мекен қатынассыз қалды.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Батыс Қазақстан облысына біз министрліктен қосымша күш құрылымдар жібердік. Атырау мен Маңғыстау облыстарынан барған құтқарушылар сонда жұмыс істеп жатыр. Еліміз бойынша Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында жағдайы күрделі.

Тасқыннан электр станцияларына қауіп төнгендіктен, Сырым ауданының 14 ауылында жарық өшірілді. Бұл елдімекендерде 10 мыңнан астам адам тұрады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу