Халықтың тұрмыс сапасын арттыру Үкімет пен облыс әкімдерінің басты міндеті. Бұл туралы Президент Ақордада өткен жиында мәлімдеді. Қазақстандықтар елде оң өзгеріс болып жатқанын сезінуі қажет деді ол. Қазіргідей геосаяси ахуал ушығып тұрған кезде тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол беруге болмайтынын да қадап айтты.
Ертең елімізде амал, яғни көрісу мерекесі. Осы айтулы күннің қарсаңында Мемлекет басшысы кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Дегенмен, қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі.
Мемлекет басшысы қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екенін айтты. Бұл ретте заң мен тәртіп баршаға ортақ қағида болуы шарт.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
Тәуелсіздік жылдары қазақ елінің әр аймағында небір ескерткіштер бой көтерді. Дегенмен, соңғы кездері науқаншылдық пен бәсекелестік байқалады. Кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш орнату ісі әлі де жалғасып келеді деді Президент. Тіпті шындыққа жанаспайтын ерлікке толы өмірбаяндар қолдан жазылып жатыр. Ескерткіш - жік-жікке бөлетін емес, ұлтты ұйыстыратын туынды болуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар.
Жиында мемлекет басшысы этносаралық келісімді нығайту мен рухани құндылықтарды сақтау жайына да тоқталып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын.
Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады. Қасым-Жомарт Тоқаев елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар жазаланатынын ескертті. Құзырлы органдарға арандатуға қарсы жедел әрі жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды.. Сондай-ақ, Президент мемлекетті жаңғыртуға қатысты тың бастамаларды ойластырып жатқанын жеткізді. Оны сайлаудан кейін жария етпек.
Шерхан Жамбылұлы