Қостанай облысында бірнеше ауыл қар құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында бірнеше ауыл қар құрсауында қалды

10.03.2023

Қостанай облысындағы Лесное ауылының үш күннен бері сыртқы әлеммен байланысы үзілді. Екі апта бойы тоқтаусыз соққан боранның салдарынан тағы бірнеше елді-мекен қар құрсауында қалған. Дүкендерде азық таусылуға таяу, балалар қашықтан оқуға мәжбүр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Рудный – Қашар тас жолынан 12 шақырым қашықтағы Лесное ауылына бұрылатын тұс осы. Бұдан әрі көлікпен жүру мүмкін емес. Жолды тау боп үйілген қар басқан. Тіпті адамның бойынан асады.

Қар астынан көрінбей қалған бұрылыстың тұсын бағдарлау үшін ағаш қадап қойған. Ауылдан шығуға амалсыз мәжбүр болғандар күре жолға жаяу келеді. Іздері сайрап жатыр. Ал боранға дейін шыққандар үйлеріне жете алмай жүр.

Валентин Боровской, Лесное ауылының тұрғыны:

Ауысымнан үш күн бұрын шықтым. Қашар кентінде жұмыс істеймін. Екі күн бойы осы жерде тұрып-тұрып кері қайттым. Қашардағы туысқандарымның үйіне қонып жүрмін.

Александр Кустов, Лесное ауылының тұрғыны:

Дүкенде азық таусылуға таяу. Нан жоқ. Қашардан нан сатып алдым. Енді бүгін үйге жете алам ба, білмеймін.

Түсіру тобы барғанда ауыл жақтан жол аршып шыққан техника көрінді. Бірақ жүрісі баяу. Рудный мен Қашардың арасын жалғайтын тас жолдың өзі қардан дұрыс аршылмаған. Тар. Кей тұстарына екі көлік қатар сыймайды. Бірнеше жүк көлігі жиектегі күртік қарға түсіп кеткен. Қар аршитын техника да батып жатыр.

Ал Меңдіқара ауданындағы Қарамай ауылында екі аптадан бері жол жоқ. Арнайы техника 600 метрдей жердегі күре жолды аршып, ауыл ішіне кірмейді. Көршілес Шиелідегі жағдай да осындай. Ал Федоров ауданының әкімдігіндегілер кешке қарай дала жолымен Лесное ауылына жол аршылғанын айтты.

Жасұлан Айменов, Федоров аудандық түкш жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қазір аудандағы барлық ауылға жол аршылды. Бірақ бұрқасын соғып тұр. Сондықтан таң атқанша қайта басып қалуы мүмкін. Ертең Лесное ауылына арнайы техника жіберіп, көтерме жолдың қарын кеңітіп аршуға тырысамыз.

Қарамай мен Шиелінің де жол аршылып жатыр. Ауыл әкімі осылай дейді. Бірақ арнайы техника аталған екі елдімекенге әлі жетпеген.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу