Екібастұзда 3 жылу қазандығы жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда 3 жылу қазандығы жұмысын тоқтатты

18.02.2023

Екібастұз жылу электр орталығында тағы ақау шықты. Бұл жолы желілік су жүретін құбырдың тығыны атылып кеткен. Салдарынан алты қазандықтың үшеуі тоқтап қалды. Тұрғындар үйлерінің қатты суып кеткендігін айтып шағымдануда. Мәселенің мәнісін меншікті тлішіміз зерделеп көрді.

Орталық магистральден үйлерге келіп тұрған бүгінгі жылу температурасының нақты мөлшері осы. Ауладағы жылу торабынан өлшем жасауға арналған арнайы аспап алдамайды, дейді Жұмағали Қоғабаев. Қанша қазандық жұмыс істеп тұрғаның станция мұржасынан шыққан түтіннің түсіне қарап білетін болған ол.

Жұмағали Қоғабайұлы, қала тұрғыны:

Сыртқы ауа температурасы 9-10 градус болатын болса, кем дегенде 70 градус болу керек келетін ыстық су. Яғни бізге жылу энергиясы жеткіліксіз келіп тұр деген сөз.

Үйлердің күрт сууы үш күн бұрын басталған. Бірақ тұрғындарға еш хабарлама берілмепті. Суық әбден кіріп алған пәтерлерді жылыту үшін тұрғындар тоқ жылытқыштарын қайта шығарып жатыр. Соның салдарынан жарық өшіп, трансформаторларда бірнеше өрт болды.

Айтжамал Жылқыбаева, қала тұрғыны:

Үйіміз өте суық. 10 градус. Үйіміздегі термометр көрсетіп тұр. Мен өзім етікпен жүремін үйде. Өте суық. Ыстық су жоқ Әуезова 65-те.

Шәкәр Жүсіпова, қала тұрғыны:

Үш бөлме ғой. Екі бөлмені жауып қойдық. Залда отырмыз. Есікте көрпе. Күні-түні ана тоқты айналдырамыз. Немерем пневмония болып ауырып жатыр.

Монополист компанияның жазбаша берген мәліметіне қарағанда бүгін түнгі сағат 12-ге дейін үш қазандық іске қосылмақ. Сол кезде станциядан шығатын жылу температурасы 60 градусқа дейін жетеді деп сендіріп отыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу